Сенат төрағасы Италия сарапшыларына елдегі реформалар жайлы баяндады
«Қазақстандағы тың реформалар елдің саяси жаңғыруына, заң үстемдігін нығайтуға септігін тигізеді». Италия депутаттары мен сарапшылары осылай дейді. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық делегация Римде Италияның сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесті. Басқосуда қос тарап Қазақстандағы реформалар мен жаһандағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
«Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық реформалар өз жемісін бере бастады. Халықтың әл-ауқаты, елдің ішкі жалпы өнімі артты». Сақа саясаткерлер, сарапшылармен кездесуде Мәулен Әшімбаев Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға жеке-жеке тоқталды. Сенат төрағасы теңгерімді әрі ашық өңірлік саясат жүргізу мәселесі мен Парламенттік реформа жайлы жиналғандарға тереңнен баяндады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Сенатының төрағасы:
Қазіргі таңда Қазақстан Президентінің бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Парламенттік реформа – саяси жаңғырудың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық және сараптамалық талқылауға шығарды. Бұл бастама демократиялық институттар мен тетіктерді нығайтуды көздейді. Бұл ретте өкілеттіктері кеңейтілген Парламент маңызды рөл атқарады. Аталған мәселе бойынша түбегейлі шешім 2027 жылы референдум арқылы қабылданады.
«Заң шығарушы органды бір палатада шоғырландыру саяси партиялардың еркіндігін күшейтіп, заңдардың қабылдануын жеделдетеді». Сондай-ақ тың өзгеріс халық үніне құлақ асатын құқықтық мемлекет тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруға серпін береді, дейді италиялық сарапшылар.
Микеле Валенсизе, Италияның халықаралық істер институтының президенті:
Заң шығару процесін жеңілдетуге бағытталған бастамаларыңыз құптарлық. Бұл маңызды шешімдер қабылдауды жеделдетіп, елдің тиімділігін арттырары сөзсіз. Осы реформалардың барлығы саяси жүйенің тұрақтылығы үшін өзекті.
Фабрицио Виелмини, Жаһандық талдау халықаралық институтының сарапшысы:
Қазақстан реформа жүргізу, өзгеріс жасаудан әрқашан көшбасшы болатын. Қазіргідей халықаралық қатынастар ушыққан тұста елдеріңіз сынақтарға төтеп беруге, Жаңа, Әділетті Қазақстан құруға барын салуда. Елдің дамуына халықтың белсенді қатысуы да қазақ қоғамының жаңа келбетін айқындайды.
Басқосуда Сенат Төрағасы италиялық әріптестерінің сұрақтарына жауап беріп, әлемдегі түйткілді мәселелер бойынша пікір алмасты. Шетелдіктерді Қазақстанның цифрландыруды, жасанды интеллектіні дамыту тәжірибесі қызықтырып отыр. Экономиканы әртараптандыруға, елдің дамуына серпіліс әкелетін оң өзгерістер әрі қарай жалғасатынын айтқан Мәулен Әшімбаев екі жақты ынтымақты күшейтуге шақырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы