Басты Жаңалықтар Сенат төрағасы Президент Қ. Тоқаевтың Рим папасына жолдаған арнайы хатын табыстады

Сенат төрағасы Президент Қ. Тоқаевтың Рим папасына жолдаған арнайы хатын табыстады

Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат жұмыс сапарымен Ватиканға барды. Сапар аясында қазақстандық делегация мүшелері Рим Папасы XIV Леоның аудиенциясында болды. Мәулен Әшімбаев Рим Папасы XIV Леоға Президент Қ.Тоқаевтың жылы лебізін және елімізге Апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын жеткізді. Ватикан да Қазақстанмен ынтымақты күшейтуге ниетті.

Рим Папасы XIV Лео Қазақстандық делегацияны құшақ жая қарсы алды. Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев аудиенция үшін алғыс білдіре отырып, Рим Папасына Президент Қ. Тоқаевтың ыстық ықыласы мен елімізге Апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын жеткізді. Және Қазақстанның Ватиканмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сенат Төрағасы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен те екіжақты кездесу өткізді. Қос тарап мәдениетаралық,  дінаралық диалогты нығайтуға ниетті.

Джордж Кувакад, Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префектісі:

Қазақстан бүкіл әлем үшін үлкен шабыт көзі. Елдің көшбасшылары жаһанда бейбітшілік пен келісімді ілгерілетуге бар күш жігерін сарп етуде. Осы ретте мен Қазақстан Президенті, Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа атқарған ауқымды істері үшін алғысымды білдіремін. Діни білім беру арқылы радикализм мен экстремизмнің алдын алу бастамаларыңыз үшін көп рақмет. Бұл қазір әлемдегі ең өзекті мәселе. Жасанды интеллект үшін этикалық өзекті дамытуға басымдық бергендеріңіз ұтымды бастама. 

Қазақстанның конфессияаралық бастамалары мен Ватиканның рухани көшбасшылығы дөңгелек стөлде кеңінен талқыланды. «Әлімсақтан бері көзқарасы қабыспайтын, бір-бірімен амандаспақ түгілі, қатар отырмайтын діндердің басшыларын бір үстелдің басына жинап, 8-ші рет диалог алаңын ұсынған Қазақстан-жоғары құрметке лайық»-дейді Дикастерия өкілдері. Мәулен Әшімбаев жиналғандарға сол съезде қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы» жайлы баяндап, декларацияның БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылғанын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы:

Рухани көшбасшылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жаһандық бейбітшілік қозғалысын құру туралы үндеуін қолдады.Бұл бастама халықаралық диалогты жандандыруға және келіспеушіліктер мен қақтығыстарды жеңуге, халықтар арасындағы сенімді нығайтуға, бейбітшілік пен әділеттілік идеяларын ілгерілетуге бағытталған. Сондықтан, біз алдағы уақытта Астана бейбітшілік декларациясының негізгі ережелерін іске асыру жолында Дикастериямен сындарлы өзара іс қимылымызды жалғастырамыз деген сенімдеміз.

Дикастерия өкілдері Қазақстандағы католиктердің рухани және діни мүдделерін қорғау бойынша атқарылып жатқан ілкімді істерді де жоғары бағалайды.

Лоран Басанезе, Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының әкімшілік жетекшісі:

Қазақстанның түрлі дін, мәдениет, ұлт өкілдерін бір ортаға жинап, келіссөз жүргізіп, идеяларды ортаға салатын диалог алаңын қалыптастыруы жоғары бағаға лайық. Әлемде мұндай жиынды өткізе алатын, қорытынды құжат қабылдап, сол бойынша ілкімді жұмыс атқара алатын өзге мемлекет жоқ. Сондықтан, Ватикан Қазақстанға барынша қолдау көрсетеді.

Дөңгелек үстел аясында Қазақстандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында қос тарап дінаралық, конфессияаралық дипломатия саласында ынтымақтақты арттырып, институционалдық серіктестікті нығайтады. Және осы салада озық тәжірибесімен алмасады.


Бөлісу