«Абай жолы» кітапханасы жобасы аясындағы еңбектер жарыққа шықты
Семейде «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген кітаптар топтамасының тұсаукесері болды. Өңірдің мәдениеті мен әдебиетін дамыту, Семей жерінен шыққан ұлы тұлғалардың шығармаларын қайта жаңғырту, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздеген жиында бірқатар авторлардың еңбектері таныстырылды. Түрлі жанрдағы 19 автордың 25 кітабы, жалпы 12 500 данамен басылып шықты. Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай, ұлы ойшыл туралы еңбектерге ерекше мән берілген. Оқырманға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» мен «Абай мұрагерлері», Кәмен Оразалиннің «Абай ауылына саяхат», Әсет Медеуханұлының «Абай елінің әңгімелері», Асан Омаровтың «Абай руханияты», Бауыржан Ердембековтің «Абай және әдеби орта» еңбектері ұсынылды.
Асан Омаров, абайтанушы:
Биыл «Абай жолы» кітапханасына 25 кітап таңдалып алынған екен. Соның ішінде менің де кітабым таңдалды. Соған қатты қуанып тұрмын. Кітабымның аты «Абай руханияты». Соңғы 4-5 жылда жазған мақалаларым кірген еді. Мұнда Кеңес дәуіріндегі ақтаңдақтарды ашуға тырыстым. Одан кейін басты бағытым Абайдың шығысы болды. Абай философиясы. Бұл өте керек деп ойлаймын.
Шара аясында Әсет Найманбайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Қалихан Алтынбаев сынды ақындардың әдеби мұралары қайта жарық көрді. «Жыр жауһарлары» жинағының үшінші кітабы және қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Медеу Сәрсекe, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Әділғазы Қайырбеков, Қайырбек Шағыр және Қайым-Мұнар Табеев шығармалары да осы топтамаға енді. Шарада авторлардың портреттерімен безендірілген жаңа кітаптар экспозициясы таныстырылып, жасанды интеллект көмегімен жасалған электронды кітапхана қоры ұсынылды.
Гүлмира Аязбаева, Абай атындағы әмбебап кітапхана директорының орынбасары:
«Абай жолы» кітапханасы жобасы облыс болған жылдан бастап, қолға алынып, 2023 жылдан жүзеге асып келеді. Осы жобаның негізгі мақсаты - Семей өңірінің қаламгерлерінің шығармаларын жарыққа шығару. Оқырмандарға таныстыру. Жастарға үлгі ету. Жалпы жоба басталғалы 61 кітап шығардық. Бұл өте маңызды жоба.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы