Ясауи хикметтерінің көне қолжазбасы табылды
Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің көне қолжазбасы және басқа да құнды кітаптар табылды. Бұл жәдігерлерді Ясауитану ғылыми орталығына ата-бабалары қари, дін ғұламасы болған саурандық Әлімжан Рамазанұлы тапсырған. Ол құнды мұраны Тоймат қари аталарынан аманаттап алып, ескі сандықтың ішінде киізге орап сақтаған екен. Екі ғасырға жуық жеке қолда сақталған 17 құнды қолжазба мен сирек кітаптарды орталық мамандары бүгін көпшілікке таныстырды. Ғалымдар бұл қолжазбалар біздің еліміз үшін ғана емес, тұтас түркі жұртының руханяты үшін баға жетпес байлық екенін айтады. Алғашқы ғылыми сараптама нәтижелері қолжазбаның 16–19 ғасыр аралығына жататынын көрсетіп отыр. Мамандар мәтіннің ішкі құрылымы, хикметтердің реттілігі мен нұсқалық айырмашылықтары Ясауи мұрасын зерттеуде жаңа ғылыми деректер ұсынатынын айтады. Көне жәдігердің табылуы - Ясауи ілімінің түпнұсқалық нұсқаларын зерттеуге және сопылық әдебиеттің ғылыми қайта қаралуына жол ашпақ. Алдағы уақытта бұл құнды қолжазбалар терең зерттеледі.
Сайпулла Моллақанағатұлы, Ясауитану ғылыми орталығының басшысы:
Ең басты жаңалығы – хикметтердің осы күнге дейін 250 хикмет анықталған болса, ары қарай олардың қатары толыға түседі. Алдағы уақытта ол ары қарай терең зерттеледі. Астанадағы немесе Алматыдағы ұлттық кітапханадағы лабараторияға жіберуіміз мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы