Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен медпункттер ашылды
Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен екі медициналық пункт ашылды. Бұл нысандар шалғайдағы Шалқар ауданының екі ауылынан бой көтерді. Емдеу мекемелері заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған, мамандары да жеткілікті.
Шоқысу ауылындағы нысанның құрылысына 126 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бір ауысымда 20 адамды қабылдай алады. Мұнда алғашқы медициналық көмек беріледі. Ең бастысы, басы ауырып, балтыры сыздағандар бұрынғыдай аудан орталығына барып әуре болмайды.
Бақытгүл Тілеуімбетова, Шоқысу тұрғыны:
Ризамыз ауылымызда осындай медпункт ашылып жатқанына. Алғыс айтамыз. Еліміз тыныш болсын, ауырмасын. Ауырғандарға жәрдем беріп тұрсын деп тілейміз.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған амбулаторияны Сарысай ауылының тұрғындары да көптен күткен еді. 25 адамға шақталған медицина мекемесі белгіленген мерзімде қолданысқа берілді. Құрылысқа 134 млн теңге жұмсалды. Оның 97 млны арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген.
Дариға Әлмұратова, Сарысай тұрғыны:
Үлкен амбулатория ашылып жатыр. Осы амбулаторияның рахатын көреміз деген ойдамыз болашақта. Сарысай ауылының тұрғынымыз. Ауылымыз әдемі, көркейіп жатыр жылдан жылға.
Облыста қайтарылған активтер қаражаты есебінен денсаулық сақтау саласы бойынша 11 жоба жүзеге асырылады. Осы уақытқа дейін оның жетеуі пайдалануға берілді. Төртеуінің құрылысы аяқталуға жақын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы