Басты Жаңалықтар Бүгіннен бастап «Руың кім?» фильмі көрерменге жол тартты

Бүгіннен бастап «Руың кім?» фильмі көрерменге жол тартты

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Руың кім?» фильмі көрермен назарына ұсынылады. Туындының атауы «Руың кім?» болғанымен, комедия керісінше руға бөлінбеу керегін, қазақтың біртұтас ұлт екенін көрсетеді. Ұлттық тамыр мен заманауи болмыс тоғысқан фильм «Tiger Films» продюсерлік компаниясының қолдауымен түсірілген. Алғашқы көрсетілім HALYK IMAX Kinopark 16 кинотеатрында өтті.

Фильм сюжеті бойынша қарапайым отбасында тәрбиеленген еңбекқор жігіт пен дәулетті әулеттің еркетотай қызы бір-бірін шын сүйіп, шаңырақ көтеруге уәделеседі. Алайда махаббат жолында оларды үлкен сынақ күтіп тұрды.

Жанболат Найзабеков, актер:

Бұл жердегі менің образым қарапайым отбасынан шыққан асаба және құрылыс компаниясында жұмыс істейтін жігіт. Мақсатым — қандай ортадан шықсам да, ұлым текті, жақсы жердің қызын алуы керек деген ойды жеткізу. Рөл ерекше жақын болды.

Фильмде басты рөлдерді Жанболат Найзабеков, Қайрат Әділгерей және Айнұр Ильясова сомдайды. Кейіпкерлердің әрқайсысы өз болмысымен есте қалады.

Айнұр Ілясова, актриса:

Құрам бойынша алты-ақ адам. Үлкен монологтар болған жоқ. Өте жеңіл түсірілімдердің бірі болды. Фильм қазақ руға бөлінбеген, рудан құралған дегенді насихаттайды.

Оқиға өрімі ширақ та шымыр тілмен жеткізіліп, астарлы әзілмен әрленген. Бірте-бірте ашылатын құпиялар мен тосын деректер кейіпкерлерді ғана емес, көрерменді де өз түп-тамырына үңіліп, ұлттық болмыстың терең қатпарларын сезінуге жетелейді, дейді шығармашылық топ.

Нұржан Еркінұлы, сценарист:

Руың кім? деп сұрау — сен қай елденсің, артыңда кімдер бар, ата-бабаң кім дегенді білдіреді. Біз ешқашан қайдан шыққанымызды ұмытпауымыз керек. Оны келер ұрпаққа жеткізу — парыз.

Фильмнің басты өзегі – барша қазақтың біртұтас ұлт екенін ұғындыру. Туынды көрерменді бірлікке үндеп, ортақ тарих пен бауырластықтың қадірін терең сезінуге шақырады.


Бөлісу