Басты Жаңалықтар Қазақстандық музыканттар Бельгияда флешмоб ұйымдастырды

Қазақстандық музыканттар Бельгияда флешмоб ұйымдастырды

Ұлы дала әуені Бельгия аспанында қалықтады. Брюссельде гастрольдік сапармен жүрген «Құлансаз» этно-фольклорлық ансамблінің ұжымы еліміздің осы мемлекеттегі Елшілігінің қолдауымен «Атомиум» кешенінің жанында флешмоб ұйымдастырды.

Қазақстандық музыканттар шетелдіктерге ұлттық ән, күй, биден шашу шашып, қазақтың бай мәдени мұрасын таныстырды. «Атомиум» кешені 1958 жылғы Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесіне орай салынған, Брюссельдегі ең танымал нысандардың бірі. Мұражай кешенін жылына 6,5 млн-нан астам турист тамашалайды. Түрлі ұлт өкілдері қазақстандық әртістердің шағын концертін көріп, музыкалық аспаптардың үніне, ұлттық киімдердің сұлулығына тәнті болды.

Сондай-ақ, фольклорлық флешмоб шетелдіктерді Ұлы дала еліне виртуалды саяхатқа алып барғандай әсер қалдырды.

Марко Рансингер, словениялық турист:
Ғажап концерт. Өзге елдің мәдениетімен танысу үлкен ғанибет. Туристік тобымыздың мүшелері әртістердің орындау шеберлігіне таң қалып жатыр. Болашақта Қазақстанға барғым келеді. Елдеріңіз өте керемет.

Әділет Жексенбі, «Құлансаз» этно-фольклорлық ансамблінің әншісі:

Еуропа халқын өнерімізбен сусындатсақ деп флешмоб ұйымдастырып, өнерімізді көрсетудеміз. Бұл жақтың халқы біздің мәдениетімізді жоғары деңгейде қабылдауда. Ықыластары ерекше. Бізге рух берді.


Бөлісу