Отандық фильм көрерменге жол тартты
Ертеңнен бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Руың кім?» фильмі көрермен назарына ұсынылады. Туындының аты «Руың кім?» болғанымен, комедия керісінше руға бөлінбеу керегін, қазақтың біртұтас ұлт екенін көрсетеді. Ұлттық тамыр мен заманауи болмыс тоғысқан туынды «Tiger Films» продюсерлік компаниясының қолдауымен түсірілген. Киноның алғашқы көрсетілімі HALYK IMAX Kinopark 16 кинотеатрында өтті.
Фильм сюжеті бойынша қарапайым отбасында тәрбиеленген еңбекқор жігіт пен дәулетті әулеттің еркетотай қызы бір-бірін шын сүйіп, шаңырақ көтеруге уәделеседі. Алайда махаббат жолында оларды үлкен сынақ күтіп тұрды.
Жанболат Найзабеков, актер:
Кинодағы образым қарапайым отбасынан шыққан асаба және құрылыс компаниясында жұмыс істейтін жігіт. Менің мақсатым қандай ортадан шықпайын ұлым текті жердің, жақсы жердің қызын алуы керек.
Фильмде басты рөлдерді дарынды актер Жанболат Найзабеков, Қайрат Әділгерей, талантты актриса Айнұр Ильясова сомдайды. Туындыдағы кейіпкерлердің әрқайсысы өз болмысымен ерекше.
Айнұр Ілясова, актриса:
Құрам бойынша алты-ақ адам. Үлкен монологтар болған жоқ. Негізі өте жеңіл сьемкалардың бірі болды. Қазақ руға бөлінбеген, рудан құралған дегенді насихаттайды.
Оқиға өрімі ширақ та шымыр тілмен кестеленіп, астарлы әзілмен жеткізіледі. Фильмде бірте-бірте ашылған құпиялар мен тосын деректер кейіпкерлерді ғана емес, көрерменді де өз түп-тамырына үңіліп, ұлттық болмыстың терең қатпарларын қайта сезінуге жетелейді, дейді шығармашылық топ.
Нұржан Еркінұлы, сценарист:
«Руың кім?» деп қазақ бір-бірінен сұрағанда «сен қай елденсің? Сенің ата-бабаларың кім?» деген сұрақты меңзейді. Біз қайдан шыққанымызды, кім екенімізді ұмытпай, келер ұрпаққа да айтып, жеткізу парызымыз.
Фильмнің өзегі – барша қазақтың біртұтас
ұлт екенін ұғындыру. Туынды көрерменді бірлікке үндеп, ортақ тарих пен
бауырластықтың қадірін терең сезінуге жетелейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы