Басты Жаңалықтар Кентау қаласы моноқалалар тізімінен шығарылуы мүмкін

Кентау қаласы моноқалалар тізімінен шығарылуы мүмкін

Түркістан облысының Кентау қаласы алдағы бес жылда моноқалалар тізімінен шығарылуы мүмкін. Президенттің «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасының арқасында шағын шаһардың әлеуметтік экономикалық жағдайы жақсарып, қарқынды дамып келеді.

Кентау – моноқалалар тізіміне енген оңтүстіктегі жалғыз қала. Шағын шаһарда соңғы жылдары инфрақұрылым саласы едәуір жақсарып, аудандарға ауызсу желісі тартылған. Елдімекендер көгілдір отынмен қамтылып,  жолдарға асфальт төселді. Көшелер жарықтандырылған. Жақында қалада 300 орындық спорт кешенінің құрылысы басталды. Көпқабатты үйлердің ауласына 67 ойын алаңы салынды.
Айкүміс Қасымбекова, Кентау тұрғыны:
Қаламыз көркейіп жатыр. Соған балалар ойнайтын алаңша болса, әр үйдің ауласына деген ойымыз. Бала-шағамыз есіктің алдында ойнаса деген ойымыз бар.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында  қалада былтыр  үш жүзден астам ескі үй жаңғыртылды. Жаңадан 10 көпқабатты тұрғын үй салынса, былтыр 120 пәтерлік 4 үй  кезекте тұрғандар мен банк салымшыларына берілді. Дегенмен, баспана  тапшылығы әлі де бар. 9 мыңға жуық адам кезекте тұр.   
Данияр Байсейітов, Кентау қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Алдағы уақытта бас жоспарға сәйкес, көпқабатты тұрғын үй аумағына тағы да тұрғын үйлер салынатын болады. Солай аздап-аздап кезек ретін азайту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында кірпіш, бетон, пластик, пен газ қазандықтарын шығаратын  өндіріс орындары  ашылды. Қалада 7 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан бар. Қосымша инвесторлар табылып, тың жобалар ұсынса, арнайы аймақтан орын беруге дайынбыз-дейді жауаптылар.  Қала билігі ендігі жерде қытайлық инвесторлармен бірнеше жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.

Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі:
Моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында, үкіметтің тарапынан қолдауларға байланысты бірқатар өзгерістер орын алған. Енді осының барлығы қаланың жалпы  келбетін өзгертуге үлкен септігін тигізді. Қазіргі таңда қала жаңа келбетін қалыптастырып жатыр.
Бүгінде Кентау қаласына қарасты елдімекендердің 90 пайызға жуығы көгілдір отынмен қамтылған. Келер жылы тағы  Хантағы мен Қарнақ ауылдары газға қосылады.


Бөлісу