Басты Жаңалықтар «Алатау әуендері» Брюссельде өнер көрсетті

«Алатау әуендері» Брюссельде өнер көрсетті

Еліміздің Бельгиядағы елшілігі Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Брюссельде «Алатау әуендері» шығармашылық ұжымының концертін ұйымдастырды. Мәдени кеш Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығына және Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналды. «Құлансаз» этно-фольклорлық ансамблі шетелдіктерге «Ұлы дала сарынын» жеткізіп, талантымен тамсандырды.

«Алатау әуендері» концерттік ұйымына қарасты «Құлансаз» этно-фольклорлық ансамблі әлемнің үздік сахналарында өнер көрсеткенімен, Брюссельге алғаш рет келді. Корольдік халыққа құрмет ретінде өнер ұжымы бельгиялық әнші Stromae-дың әнін француз тілінде орындап, бірден көптің ыстық ықыласына бөленді.

Әлемдік деңгейдегі шығармаларды қазақ музыканттарының ұлттық аспаптармен шебер орындауы еуропалықтарды тәнті етті. Тыңдарман күй тартысты тамашалап, қазақ фольклорының тереңіне бойлады.

Фабиен Калэ, Брюссель тұрғыны:

Ерекше сезімде тұрмын. Бұрын естімеген музыкалық аспаптар, бай тілдеріңіздің үні, мәдениеттеріңіз маған қатты әсер етті. Кеш соншалықты әсерлі болды, тұла бойым тітіркенді.

Мың бұрала билеген бишілер, түрлі-түсті костюмдердің сұлулығы да көрерменнің көңілін баурады. Бельгиядағы қазақтар Шәмші мен Нұрғиса Тілендиевтің әндерін қосыла айтып, елге деген сағынышын басқандай болды.

Ләззат Бейсенова, Бельгиядағы қазақ диаспорасы өкілі:

Көптен бері домбыраның күйін, бишілердің биін көрмей сағынып қалыппыз. Тамаша болды. Елде жүргендей күй кештік. Рақмет!

Концертте еуропалықтар да қазақша ән шырқап, домбыра тартып көрді. Отандық дипломаттар өнер көрсетті. Қазақстан туралы жұмбақты шешкен шетелдіктерге ұлттық кәдесыйлар табысталды.

Музыканттарға Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко алғыс айтып, олардың өнерін жоғары бағалады.

Екі сағатқа созылған рухани кеш көрерменнің тік тұрып қошемет көрсетуімен аяқталды. Еуропалықтар қазақстандық таланттарды Брюссельге жиірек келуге шақырды.


Бөлісу