Басты Жаңалықтар «Наурыз» бағдарламасы: Биыл бір орынға 4 адам үміткер болды

«Наурыз» бағдарламасы: Биыл бір орынға 4 адам үміткер болды

Биыл «Наурыз» ипотекасына бір орынға төрт адам үміткер болды. «Отбасы банкі» қарашада өткен байқаудың нәтижесін жариялады. Бағдарламаға барлығы 25 мың өтінім қабылданған. Соның 9 мыңы мақұлданды. Енді қатысушылар 13-қаңтарға дейін несие рәсімдеп үлгеруі керек. Содан кейін «Baspana market» сайтынан үй іздеуіне болады. Айта кетерлігі, кей жағдайда сайтта «резервте баспана қалмады» деген жазба шығуы мүмкін. Бірақ оған мән берудің қажеті жоқ, дейді «Отбасы банкі» өкілдері. Резервте үй болмаса, орнына күнде жаңасы қосылып отырады. Қатысушылар алты ай ішінде өздеріне ұнаған баспананы таңдай алады.

Назерке Ғалым, «Отбасы  банкі» АҚ баспасөз хатшысы:

Бізде жуырда ғана «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы болды да, сонда біз 50 млрд теңгеге өтінім қабылдық. Қазіргі таңда  үйлер соған кетіп жатыр деп айтуға болады. Бірақ күнделікті толықтырылып отыр. Құрылыс компаниялармен келісімшарт жасасқан сайын бірден біз сайтқа салып отырмыз. Бұл өз кезегінде біріншіден, бағаның шарықтап кетпеуіне, екіншіден, үйдің дұрыс болуына әсер етеді. Яғни жан-жақты тексерістен кейін өткіземіз.  

Келесі жылы «Наурыз» бағдарламасы көктемде өтеді. Бағдарламаға әдеттегідей ең көп балл жинағандар таңдап алынады. Мысалы, 1 000 балл жинау үшін «Отбасы банктегі» депозитте 1 млн теңге көлемінде сыйақы болуы қажет. Депозитті неғұрлым ерте ашсаңыз, соғұрлым үміткер атануға мүмкіндігіңіз жоғары. Айталық, осы қарашада өткен байқауда шотты 2010 жылдан бері ашып, ай сайын толықтырып отырғандар өткен. Сарапшылар мүмкіндігінше қомақты сома салып отыруға кеңес береді.

Қайрат Қожанов, тұрғын үй сарапшысы:
Егер адамның 6 миллион теңгесі болса, 30 миллионның 20 пайыз жарнасы ретінде, сол 6 миллионды бөліп салғаннан гөрі қазір салған адам ұтады. Неге? Өйткені ол банкке ақшаны ертерек берді. Банк ол ақшаны ертерек айналдырды. Көбірек пайыз ертерек түсті деген сөз. Әрбір процент ол балл болып есептеледі. Бастысы алғашқы жарнаны көбірек жинап қойыңыз. Сонда «Наурыздан» да жақсырақ бағдарламаға ілегесіз.


Бөлісу