Түркістан облысында ағын суды көп қажет ететін дақылдарды егуге шектеу қойылуы мүмкін
Түркістан облысында ағын суды көп қажет ететін дақылдарды егуге шектеулер қойылуы мүмкін. Мұндай шара келер жылы су көлемінің азайып кету болжамына байланысты қолға алынып отыр. Өзекті мәселе бүгін Түркістанда вице-премьер Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен басқосуда талқыланды. Сала мамандары мен жергілікті билік өкілдері алдағы вегетация кезеңіне дайындық мәселелерін пысықтады.
Еліміздің оңтүстігінде биыл көктемнен бері жауын-шашын болған жоқ. Көрші елдерде де жағдай осындай. Мәселен, Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жету қаупі бар. Өзекті проблема Ашхабадта өткен Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында талқыланды. Сала мамандары келер жылдың вегетация кезеңінде ағын судың жылдағыдан аз болатынын ескертті. Бұл жағдай Түркістан облысындағы су қоймаларына да едәуір әсерін тигізіп отыр.
Сейілбек Нұрымбетов, ҚР Су және ирригация министрлігінің комитет төрағасы:
«Бахри Точик» су қоймасынан Шардара су қоймасына дейінгі аралықта Сырдария өзеніне түсетін жанама су көлемі орташа нормадан 40 пайызға аз. Қазіргі күнге Шардара су қоймасына нақты түсіп жатқан судың көлемі 662 куб. 388 кубқа былтырғыдан аз. Бөген су қоймасында 28,2 млн кубқа аз.Су мамандары қоймалардың басым бөлігін көктемгі жауын-шашын есебінен толтырып алуға үмітті. Дегенмен өңірлерде су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу және суды көп қажет ететін дақылдарды егуді азайту ұсынылды. Диқандарға ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыруға және көп суды қажет етпейтін құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіруге ерекше көңіл бөлу керектігі айтылды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
Ауыл шаруашылығы саласында пайдаланып отырған су көлемінің 98 пайызын осы бес облыста пайдаланады. Сондықтан біз осы Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысында екі күн ішінде шаруа қожалықтармен жолығып, осы болжамды назарларына жеткізіп жатырмыз. Одан бөлек Үкімет тарапынан сол жұмыстарды жүйелендіру үшін бірқатар шешімдер қабылданды.Яғни, келер жылдан бастап суды үнемдеу технологияларын енгізу үшін бөлінетін қаражат 4 есеге артады. Бұл ағын судың жетіспеушілігі жағдайында бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ал жиынды қорытындылаған вице-премьер Қанат Бозымбаев жауапты министрліктер мен облыс әкімдіктеріне арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар екі аптаның ішінде аймақтағы су тұтыну көлемін анықтап, егіс алқаптарын лимиттерге сәйкес жоспарлап бекітуі тиіс.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Ауыл шаруашылығы министрлігі, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімшіліктері, Су министрлігі осындай негатив сценарийлерді ескере отырып, тиісті лимиттерді бекітіп, сол лимиттерге сай жаңа болжамды әзірлеуді тапсырамын.Қанат Бозымбаев әсіресе алқаптарға беталды күріш егуге тыйым салынатынын атап өтті. Өңірлердегі су мамандарына құзырлы органдармен бірлесіп, ағын суды заңсыз алушылардың жолына тосқауыл қоюды міндеттеді. Қажет болған жағдайда оларды заңмен жазалау керектігін қадап айтты. Ал су үнемдеу технологиясын енгізген шаруа қожалықтарына берілетін субсидияның көлемі 60-тан 85 пайызға артатынын жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы