Білім ұйымдарындағы асхананы Денсаулық сақтау министрлігі бақылайды
Келер жылдың ақпан айынан бастап денсаулық сақтау өкілдері мемлекет қаржыландыратын мектеп пен балабақшалардың асханасын тексере алады. Ата-ана қарауынсыз қалған бүлдіршіндерді қамқорлыққа алу ережесі де өзгереді. Бұл нормалар Президент қол қойған мәдениет пен білім, балалардың құқығын қорғау саласына өзгерістер енгізген маңызды заң аясында жүзеге аспақ.
Жаңа ережеге сәйкес денсаулық сақтау өкілдері мемлекеттік мектеп пен балабақшаның асханасын тексере алады. Бұрын бұл бақылау Кәсіпкерлік кодекс арқылы жүргізілетін. Қазір тәртіп өзгеріп, қадағалауды денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау органдары жүзеге асырады.
Айнұр Алмағанбет, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
Ерекше бақылау обьектілерін тізімін жүргізу қағидалары есеп нысандарын жүргізу қағидалары және де осы қолданыстағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бақылау барлық обьектіге жоспарлы түрде және бару арқылы мониторинг жүргізіледі. Бұл бақылаулардың ерекшелігі біздер алдын ала хабарлама бермей, кенеттен жүргізіледі.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек,
биыл он айда тамақтан уланудың 31 дерегі анықталған. Оның 8-і білім беру
ұйымдарында болған. Мамандар уланудың басты себептері - санитарлық нормалардың
дұрыс сақталмауы, тағам дайындау технологиясының бұзылуы деп отыр.
Ата-ана қарауынсыз қалған балаларды асырап алушыларға жаңа талап
Елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-ана қарауынсыз қалған бала бар. Олардың 82 пайызы отбасыда тәрбиеленіп жатыр. Енді қамқоршылар мен тәрбиешілер, сондай-ақ баланы асырап алушылар жыл сайын есеп беруге міндеттеледі. Яғни, бала асыраушылар денсаулығы, табыс көзі, тұрмыстық жағдайы және соттылығының жоқ екені туралы мәлімет тапсырып отырады.
Гүлжайнат Төлегенова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
Бұл талап қамқорлыққа алынған баланың әл-ауқатына тікелей әсер етуі мүмкін факторларды уақытында анықтап, тиісті шара қабылдауға жол ашады. Сондай-ақ үстінен қылмыстық қудалау жүргізіліп жатқан тұлғаларға бала асырап алу немесе тәрбиеші болуға қатысуға тыйым салынады.
Білім саласында да маңызды өзгерістер бар. Енді колледждер өз қызметін рейтинг бойынша бағалайды. Ал жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер арнайы әдістемеге сүйене отырып сараланады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы