Басты Жаңалықтар Соңғы бес жылда отандық өнім көлемі 2,5 есе артты

Соңғы бес жылда отандық өнім көлемі 2,5 есе артты

Биыл отандық кәсіпкерлер қайырымдылыққа 37 миллиард теңге бөлген. Бүгін елордада Президент кәсіпкерлікті ілгерілете отырып, ел дамуына айрықша үлес қосқан бизнес өкілдеріне «Алтын сапа» және «Парыз» жүлдесін табыстады. Қуатты экономика қалыптастыру үшін өнеркәсіпті өркендету маңызды. Биыл табанды еңбектің нәтижесінде ел экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжанып отыр. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деді Президент жиында. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бүгінде шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен. Бұл көрсеткішті әлі де еселеу керек. Импортқа иек артпай, отандық өнімді өрге сүйреу керек. Онсыз өсу де, өркендеу де қиын. Бүгінгі жиынның маңызы да, мазмұны да осыған саяды.

Отандық өндірісті ілгерлетуге үлес қосқандардың бірі - Шолпан Әбдіхалықова.  Ол жас та болса, бас болып, 6 жыл бұрын Қазақстандағы ең ірі гранит зауытының негізін қалады. Бүгінде компанияның құрылысқа қажетті өнімдері алыс-жақын шетелдерге де экспортталады.

Шолпан Әбдіхалықова, «Гранит» зауытының президенті:

Біз гранит өнімдерін шығарамыз. Бордюр, брюсчатка, плитка, 100 пайыз қазақстандық өнім. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттеріне тасымалдау жүреді. Алда үлкен мақсаттар бар, Еуропаға мүмкін Дубайға шығамыз.

Президент ең әуелі осындай кәсібіне адал, іскер азаматтарға алғысын білдірді. Жалпы, елде кәсіпкерліктің даму қарқыны жаман емес. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. 4,5 миллион адам осы  бизнес саласында еңбек етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды. Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз.

Мемлекет қолынан іс келетіндерді қолдауға дайын. Дегенмен кәсіпкерлерге кедергі келтіретін түйткілдер де аз емес. Кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңызды, деді Президент.  Ал мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту үшін жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн. Президент экономиканы сапалы дамыту бағытындағы  реформалардың тізбегі жалғаса беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жарияланды. Бәсекелестік ортаға берілетін 473 нысанның тізімі жасалды. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл кәсіпкерлерге шамамен 3,5 триллион теңге пайда табуға мүмкіндік береді. Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр. Ол үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады.

Қазір әлемде нарық және капитал үшін талас-тартыс күшейіп барады. Оған жаһандағы геосаяси жағдайлар себеп. Сондықтан инвесторлар үшін іскерлік ортаны жақсарту қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызы айрықша мақсат, деді Президент. Мемлекет басшысы бизнесті қолдау жобаларының тиімділігіне де тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік. Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішінде 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді.

Өткен жылы елде шығаратын өнім көлемі 8,5 триллион теңгеге бағаланған. Дегенмен халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамту жағы әлі де ақсап тұр. Импорт өте көп. Бұған жол беруге болмайды, деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөз бар. Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Бұл отандық бизнестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді. Осында отырған әр азаматтың туған елге деген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін!

Президент «Алтын сапа» және «Парыз» байқауының жеңімпаздарын марапаттады

Президент «Алтын сапа» және «Парыз» жүлделерінің жеңімпаздарын марапаттады. Биыл Ұлытау облысының инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақмыс» корпорациясына «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі табысталды.

Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:

Қаланың инфарқұрылымын дамытуға көбірек көңіл бөлдік. Сәтбаев қаласында 320 орындық балабақша, Жезқазғанда 2 спорт кешені, оқу орталығы салынды. Ал қызметкерлерге берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемін арттырдық.

Ал «Алтын сапа» жүлдесінің «Үздік индустриалдық жоба» номинациясы сорғы қондырғыларын шығаратын шымкенттік кәсіпорынға бұйырды. 2006 жылдан бері табысталатын «Алтын сапа» жүлдесінің өзіне биыл 200-ден астам өтінім келіп түскен. Одан бөлек, «Қазақстанның ұлттық тауары», «Ұлы дала елі», «Кәсіпкер» секілді әртүрлі байқау бойынша 80 номинант бүгін үздік деп танылды.

Бану Тілегенова, «Пантоемдеу» шипажайының директоры:

Марапат алғаныма өте қуанып тұрмын, бұл біздің ұжымның, отбасымның еңбегі.

Биылдан бастап 29 қазан Қазақстан кәсіпкерлері күні болып ресми түрде бекітілді. Мемлекет басшысы марапат иелерін құттықтай келе, келер жылдан бастап  әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық істерге үлес қосқан кәсіпкерлерге «Мейірім» ордені табысталатынын жеткізді.


Бөлісу