Түркістанда балаларды оңалту орталығы ашылды
Түркістанда балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ашылды. Маңызды нысанның ашылу салтанатына Вице-Премьер Қанат Бозымбаев қатысты. Жоба құны – 2,7 млрд теңге. Ғимарат демеушілер есебінен салынған. 60 балаға шақталған нысанда 14 жасқа дейінгі балалар заманауи әдістермен ем алып, жоғары білікті мамандардың назарында болады. Мұнда сәбилер мен жеткіншектерге 40 тәуліктік және 20 амбулаторлы емханалық көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, ортопедиялық және нейрохирургиялық оталардан кейінгі кезең, неврологиялық ауытқуларды емдеуге бағытталған. Кардиохирургиялық оталардан кейінгі кезең, орфандық ауруларды емдеуге арналған. Жаңа нысанда облыстың барлық аудан-қаласынан келіп ем қабылдайды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің
орынбасары:
Қазіргі таңда жалпы елімізде 6,8 млн бала бар. Өкінішке орай олардың 117 мыңы осындай ерекше оңалту көмегін қажет етеді. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл орталдық балаларға жаңа мүмкіндік, отбасыларға сенімділік дарытатын жылы ордаға айналсын. Ең бастысы, біздің балалар бақытты болса, басқа не керек бізге?
Қанат Бозымбаев сондай-ақ Түркістанда салынып жатқан көпбейінді аурухананың құрылысымен танысты. 570 орындық медициналық нысан 7 қабаттан тұрады. Замануи үлгіде салынып жатқан ауруханада онкология, кардиология, хирургия және нефрология сияқты халыққа қажетті бөлімдер ашылып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылады. Бес жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстарының бүгінде 85 пайызы аяқталған. Жаңа нысан келер жылы тапсырылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы