Басты Жаңалықтар Семейде «Адал білім - адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті

Семейде «Адал білім - адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті

Семейде «Адал білім - адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті. Жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруды көздейтін жиынға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Мінберде сөз алған мамандар білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету жолдарын түсіндіріп, жастарға арналған жаңа профилактикалық бағдарламаларды таныстырды.

Бауыржан Ердембеков, облыстық Білім басқармасының басшысы:

Құқықтық мәдениет жүйелі түрде қалыптасқан жағдайда оқушылардың құқықтық сауаты артады. Мектептегі тәртіп деңгейі нығая түседі. Сыбайлас жемқорлық төзбеушілік мәдениеті қалыптасады. Әділдік, адалдық, жауапкершілік құндылықтары оқушылардың мінез құлқының негізіне айналуы тиіс. Білімді, парасатты, құқыққа құрметпен қарайтын әрбір жас еліміздің кемел келешегі.

Шарада өңірде жыл бойы жүргізілген «Адал жол», «Сапалы сервис», «Саналы ұрпақ» сияқты акциялар мен ақпараттық кездесулердің қорытындылары жарияланды. Студенттік ұйымдар да жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жобаларын ұсынды. Олар оқу орындарында ашық бюджет, цифрлық қызметтерді кеңейту және жастар арасында құқықтық сауаттылықты күшейту бастамаларын таныстырды. Форум қорытындысы бойынша жастар адалдық қағидаларын ұстанып, әділдік пен ашықтықты нығайтуға үлес қосуға шақырылды.

Руслан Шәріпов, Мемлекеттік істер агентігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы:

Әрине, бұл саясат бірінші күні жүргізіліп жатқан жоқ. Яғни, сыбайлас жемқорлықтың салдары емес, оның пайда болу себептерімен күресу әлдеқайда тиімді. Сондықтан біздің жас ұрпақтың арасында нөлдік төзімділікті қамтамасыз ететін болсақ, қоғамымызда сыбайлас жемқорлық көріністері де төмен болады деген ойымыз бар. Сол мақсатқа біз жетуіміз керек.


Бөлісу