Түркістан облысында 3 мыңға жуық тұрғын ауызсудан тарығып отыр
Түркістан облысының Сарыағаш қаласында үш мыңға тарта тұрғын үй орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған. Әсіресе Самал мөлтек ауданының тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге тасып ішеді. Судан тарыққан жұрт жауапты мекеменің су береміз деген уәдесін күтіп шаршадық дейді.
Самал мөлтек ауданындағы әрбір үйде осындай құдықтар қазылған. Таза ауызсуды күтіп шаршаған жұрт құдықтарға сыйғанынша су толтырып алады. Ал жылдар бойы күткен суымыз келетін түрі жоқ деп қынжылады тұрғындар.
Ырысалды Құлмырзаева, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
2013 жылы көшіп келгенбіз. Содан бері суға жарымай отырмыз. Жаздыкүні үш су таситын машина шақырамыз. Әр машинадан суды 8 мыңнан сатып аламыз. Алатынымыз арзымайтын ақша. Соның бәріне су ала берсек, неге жетеді ол?
Мөлтек ауданға жақын маңдағы үйлерге ауызсу құбыры тартылған. Бірақ самалдықтарға жауапты мекеме су беруге асығар емес. Тек биыл ғана тас төселмеген көшелерді қазып, қимыл басталған.
Ару Сәрсенбай, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
Қанша жылдан бері әкімдікке барып шағым жасадық. Бірақ неше жылдан бері су мәселесі туындап отыр. Су болады дейді, сметасы құрылған, ақша бөлінбей жатыр дейді. Әртүрлі сылтау айтады.
Жергілікті халық мөлтек аудандағы көшелердің де асфальт төселмей, жарық шамдар қойылмайтынына шағымданды. Әсіресе мектеп жасындағы балалар сабақтан қайтқанда қараңғы көшелермен жүруге мәжбүр. Өзекті проблеманы айтып шулаған соң тұрғындардың алдына қала әкімі мен суға жауапты бөлім басшысы келді. Айтуларынша, таза су жеткізіп беру бойынша арнайы жоба қолға алынып, 2900-ге жуық тұтынушыны тіршілік нәрімен қамту жұмыстары басталған.
Серік Қарақұлов, Сарыағаш аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Бұл жобаның құрылысы 2025 жылдың тамыз айында басталды. Мердігер мекеме магистраль жұмыстарын, резервуарда жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар Самал мөлтек ауданының ішінде абоненттік жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шенеуніктердің сөзінше, судың кешігуіне республикалық бюджеттен қаражаттың кеш бөліну себеп. Жоба биыл ғана қолдау тауып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жоспар бойынша келер жылдың қазан-қараша айларында су беру көзделуде. Ал асфальт төсеу мәселесі ауызсудан кейін шешілсе, жарықшамдар орнату кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы