Алматыда жол апатынан 23 жастағы фельдшер көз жұмды
Тағы бір жас фельдшер қызмет барысында көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті хабарлады. Қайғылы оқиға өткен түнгі сағат бір шамасында болған. Полицейлердің мәліметінше, жедел жәрдем бригадасының жүргізушісі Саин көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан. Сөйтіп бұрылып жатқан сәтте оңтүстікке қарай келе жатқан Kia маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан бес адам зардап шекті. Ал ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер бірнеше сағаттан кейін ауруханада көз жұмды. Басқа науқастар дәрігерлердің бақылауында, олардың бірі ауыр жағдайда жатыр, дейді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша анықтау басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанға арналған аудитория ашылады
Ал Астанада басына кондиционер құлап, көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның есімін ұлықтау үшін медициналық колледжде аудитория ашылады. Бейітінің басына ескерткіш тақта орнатылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі айтты. Ғимарат қасбетінің құлауына қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Ақмарал Әлназарова бұл оқиғада құрылыс нормалары мен ережелерінің бұзылуы мүмкін екенін де атап өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы