Басты Жаңалықтар Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында болашақ бір палаталы Парламентті қалыптастыруға, депутаттарға қойылатын біліктілік талаптары, оларды сайлау тәртібі, саны мен сапалық құрамы, өкілеттілік мерзімі және квотаға қатысты тәсілдер сараланды. Атап айтқанда жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары, сондай-ақ азаматтардың е-Otinish және E-gov платформалары арқылы келіп түскен бастамалары қаралды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

15 қарашаға дейінгі белгіленген мерзім ішінде жұмыс тобының мүшелері және алты партия атынан парламенттік реформа мәселесі бойынша арнайы ұсыныстар келіп түсті. Біз бүкіл келіп түскен ұсыныстарды үш топқа, үш категорияға бөлдік. Бұл, біріншіден, саяси партиялардың ұсыныстары. Оларды бөлек шығардық. Жұмыс тобының мүшелерінен келіп түскен ұсыныстарды бөлек жинақтадық. Және е-Otinish және E-gov платформасы арқылы келген басқа да азаматтардың, жекелеген қоғам қайраткерлерінің атынан келіп түскен ұсыныстарды бөлек жинақтадық. Мемлекет басшысы жұмыс тобы аясына жинақталған бастамаларды жан-жақты қарастыруды және парламенттік жүйені жаңғыртуға қатысты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды. Бұл - жұмыс тобының басты міндеті.

Отырыста жұмыс тобының мүшелері өз ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев жинақталған ұсыныстар негізінде әзірленген жалпы тәсілдер туралы айтты. Ал Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан парламенттік реформа жөнінде азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен келіп түскен ұсыныстар туралы ақпарат берді.


Бөлісу