БҚО-да жұмысшы мамандарды оқытатын колледж жатақханасы құлағалы тұр
Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында жұмысшы мамандықтарды даярлайтын Жалпақтал аграрлық колледжінің жатақханасы құлағалы тұр. Балалар «апатты» деп танылған суық, сұрықсыз бөлмелерде тұрып жатыр. Колледж қабырғасы 1904 жылы қаланған ескі ғимарат.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Бұл – 70-жылдары салынған Жалпақтал аудандық колледжінің жатақханасы. Ғимарат апатты деп танылған. Мына жылыту қазандығы да жатақханамен жапсарлас орналасқан. Бұл өрт қауіпсіздігі талаптарына мүлдем сәйкес келмейді.
Жатақхананың тең жартысы қирап тұр. Колледж әкімшілігі ғимараттың бір бөлігін әзер ұстап отыр. Бөлмелердің есік-терезесі қырық жамау. Балалардың дені қазір туыстарының үйінде.
Мансұр Асанбай, колледж студенті:
Жатақханада жағдай шамалы. Қазір салқындау. Балалар ауырып қалады осындай уақыттарда. Душ жоқ. Туалет сыртта. Сыртқа шыққан сайын салқын ұстайды. Жақсы қолдау болса, жатақхана салып берсе бізге, балалардың бәрі жатар еді.
Колледжде 126 бала оқыса, солардың тек он шақтысы жатақханада тұрып жатыр. Қазір қаңырап тұрған бөлмелерге бұрын бала сыймаған.
Мәди Меңдешев, Казталов аудандық мәслихатының депутаты:
Жатақханаға балалар жатқысы келеді. Қазір осында өз арызымен 18 бала жатыр. Бірақ өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, жатақхананың жағдайы жоқ болғасын, келеді, жатады, кетіп қалады. Кезінде мектептерден осы колледжде оқушы көп болды. Өзім осы колледждің түлегімін.
Ал колледждің өзі 1904 жылы салынған көпес Овчинниковтің үйінде орналасқан. Мұнда ауылға қажет әрі қат мамандар – болашақ механизатор, тракторшы, фермер, ветеринарлар білім алады. Сондай-ақ аспаз, кондитер, бағдарламашы, техник, құрылыс шеберлерін даярлайды. Үздік оқытушылар да осында.
Самат Сұлташев, оқытушы:
Биыл облысымызда ауыл шаруашылығы машинасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша Master Space өткен болатын. Соған қатысып, бас жүлде алып, республикалық байқауға жолдама алдым. Онда «Үздік маман» аталымының иегері атандым.
Жатақхана мәселесі аудандық, облыстық мәслихаттардың комиссия отырыстарында, әкімдердің есеп беру жиындарында талқыланған.
Жасұлан Ғұмаров, Жалпақтал аграрлық және салалық колледжінің директоры:
Облыс әкімі келді. Сонда ауылдың белсенділері сұрақ қойды облыс әкіміне: «Жалпақталда аудан көлеміндегі жалғыз колледж бар. Жатақханасының жағдайын білесіз. Осы жөнінде не айтасыз?» дегенде, ол кісі: «Мен тиісті органдарға тапсырма бердім. Тиісті комитеттер жұмыстанып жатыр. Жатақхана болашақта болады», - деді. Халықтың алдында сондай уәдесін берді. Соған сеніп отырмыз.
Облыстық Білім басқармасы: «Әзірге жаңа ғимарат салуға қаражат қаралмаған», - деп жауап берді. Ал жергілікті жұрт «Жұмысшы мамандықтар жылында» құр науқандық шараларға бой алдырмай, ауылда тапшы мамандарды даярлайтын оқу орнына нақты көмек көрсетілуін сұрайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы