Басты Жаңалықтар Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына ілікті

Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына ілікті

WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен осы салмақтағы WBA белбеуінің иегері Эрисланди Лара жекпе-жегі өтпейтін болды. BoxingScene басылымының хабарлауынша, ерікті допингке қарсы қауымдастық яғни, VADA боксшының допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний дәрілік затын тапқан. Мельдоний 2016 жылы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынған дәрілер тізіміне енгізілген. Себебі ол төзімділікті арттыру және оңалту мен қалпына келу процесін жеделдету үшін метаболизмді өзгерту қабілетіне ие. Бірақ Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында бұл затты бұрын-соңды қолданғанын жоққа шығарды. Ол командасымен бірге қайтадан тесттен өтуге өтініш бергенін жазды. Практикада боксшылар күдікке іліккеннен кейін тесттен қайта сәтті өткен жағдайлар болған. Сондықтан бұл соңғы шешім емес. Айта кету керек, Эриланди Лара Жәнібектің орнына 34 жастағы колумбиялық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасады.

Бөлісу