Әрбір жетінші тұрғын уақытының көбін жұмыста өткізеді
Әрбір жетінші қазақстандық тәулігіне 8 сағаттан артық жұмыс істейді. Аналитикалық зерттеу орталықтары осындай дерек келтірді. Нормадан тыс жұмыс істеудің денсаулыққа әсері қандай? Қай мамандық иелері уақытының басым бөлігін жұмыста өткізеді? Жанел Нұрболатқызы зерттеді.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Елде 1,5 миллионға жуық адам аптасына 40 сағаттан астам жұмыс істейді. Аналитикалық орталықтар Ұлттық статистика бюросының зерттеуін негізге алып, сараптама жасаған. Оған сәйкес, уақытының басым бөлігін жұмыста өткізетіндердің 70 пайызы компания мен кәсіпорындарда қызмет етсе, қалғаны өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар.
Дәрігерлер де жұмысқа шамадан тыс көңіл бөлу ауыр сырқатқа алып келеді дейді. Иммунитеттің әлсіреуі, жүрек, жүйке аурулары да көп жағдайда уақытында демалмағаннан болады.
Жанна Ешмағамбетова, дәрігер:
Жұмыс уақыты күніне сегіз сағаттан аспауы керек. Адам үнемі жұмыста белгілі бір мәселені шешумен айналысса, ол стресс. Картизол гормоны жоғарылайды. Артасклероз, гипертония, сонымен қатар ол адамның қорғаныс жүйесін, яғни иммун жүйесін тежейді. Сондықтан да адам әртрүрлі ауруға, соның ішінде инфекциялық ауруға бейім болады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Тәулігіне 8 сағаттан астам жұмыс істеу – адамның психикасына да ауыр соққы. Бұл әсіресе зейнет жасында айқын білінуі мүмкін, дейді мамандар.
Назерке Көкебаева, психолог:
Зейнет жасына жеткен кезде неге үлкен адамдар аурушаң болып, мазасыздана бастайды? Психосоматикалық аурулардың бәрін басынан кешіріп, бүкіл ауруым енді шығып жатыр деп айтады. Себебі ол өзінің тәніне, жан дүниесіне үңілмей, тек қана жұмыс істеп өмір сүрген адамдарда бұл сол уақытта белгі береді.
Аналитикалық орталықтар жұмыс орындарынан 8 сағаттан астам жұмыс істеген қызметкерлердің хаттамасын сұратып, статистика да шығарған. Нәтижесінде сауда-саттық бағытында 371 мың адам, кәсіпорындарда 208 мың адамның нормадан артық қызмет еткені анықталды. Ал мемлекеттік қызметте 83 мың, көлік және логистикада 153 мың, құрылыста 134 мың жұмысшы таңнан кешке дейін еңбек етеді.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Айта кетейік, еңбек заңнамасына сәйкес үстеме жұмыс айына 12 сағаттан, жылына 120 сағаттан аспауы керек. Қызметкер келісім берсе де, тәулігіне 2 сағаттан артық ұстауға болмайды. Сол екі сағаттың өзіне кәдімгі жұмыс уақытынан 1,5 есе көп ақы берілуі керек. Ал мүгедектігі бар азаматтар мен жүкті әйелдерді жұмыста сегіз сағаттан астам қалдыруға тыйым салынған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы