Басты Жаңалықтар Павлодарда 300 млн теңге жұмсалған балабақша ғимараты талапқа сай емес

Павлодарда 300 млн теңге жұмсалған балабақша ғимараты талапқа сай емес

Павлодар облысында ашылып ертеңінде қайта жабылған нысандар бар.. Мәселен, Ақтоғай ауданында қыркүйек айында лентасы кесілген балабақша қазір қаңырап бос тұр. Себебі, санэпидемстансия рұқсат бермеген. 300 млн теңгеден аса бюджет қаржысы жұмсалған мекеменің болашақта қандай мақсатқа пайдаланатынын аймақтағы тілшіміз Болат Аманбаев зерделеп көрді.

Бұл осыдан үш ай бұрын түсірілген бейнекөрініс. Бірақ бүлдіршіндер қуанышы ұзаққа бармады. Ақтоғай ауданы орталығындағы «Балдәурен» балабақшасы ашылған күннің ертеңінде есікке қара құлып салынды.

Саяуыш Сәдуақасов, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі уақытта ғимарат толықтай босатылды. Ішіндегі жиһаздар, дүниелердің барлығы осы аудан орталығындағы екі балабақшаға және шағын орталыққа бөлініп берілді.

Балабақша қылып жасаған ғимарат жеке кәсіпкерден сатып алынған. Одан бөлек нысанды жаңғыртуға 263 млн теңге қаржы бөлініпті. Жиһазбен жабдықтауға тағы 41 млн теңге берілген.

Мейрам Имашев, қоғам белсендісі:

Ол жерде қыруар қаражат, халықтың салығы. Міне сонда тұр үлкен мәселенің барлығы. Халықтың ақшасымен, қазынамен бір ойыншық ойнағандай.

Қазір ғимаратты үш бірдей адам күзетеді. Директоры, еден жуушысы бар. Мекемені электр пеші арқылы жылытады. Бұл шығындардың бәрі аудандық білім бөлімінің мойнында.

Алма Айтуарова, облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Жаңа салынған балабақшаның орнына біз Ақтоғай өнер мектебінің филиалын ашайық деп жоспарлаудамыз. Жалпы, осы ғимаратта 200-ден аса бала қамтылатын болады. Жеті негізгі үйірмелерімен.

Нысанның жобасын Ақтоғай ауданының экономиканың нақты секторы бөлімі жасатқан. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Ал жобалық сметалық құжаттарында оқу орталығы болады деп көрсетілген. Сондықтан санэпидемстансия балабақша қылып ашуға рұқсат бермей қойған. Ең қызығы бұл былыққа қатысы бар екі бірдей мемлекеттік мекеменің бірде-бір қызметкері жазаланбаған. Қоғам белсенділері бұған құқық қорғау органдары назар аударуы тиіс деп санайды.


Бөлісу