Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 58 мың түлек үй кезегінде тұр
Елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 60 мыңға жуық түлек баспанасыз жүр. Тәуелсіздің жылдарында оларға бөлінген пәтер саны он мыңға да жетпейді. Яғни, отбасы жылулығын көрмей өскендерге жылы, жайлы баспананың өзі қолжетімсіз болып отыр. Балалар үйінен шыққан жандар қайда тұрып жатыр? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.
Темірхан Базарқұлов балалар үйінде өсті. Онда қалай түскені есінде жоқ. Жасөспірім шағында оны ақтөбелік отбасы асырап алған. Алайда өзіне қамқорлық танытқан жандар өмірден өтіп кеткен соң, қиындықпен қайта бетпе-бет келген. Мемлекет қолдауының арқасында мамандық алды. Биыл көптен күткен пәтеріне ие болды.
Темірхан Базарқұлов, балалар үйінің түлегі:
Мен 2012 жылы тіркелдім. Ол үйдің кезегіне байланысты ғой. Өйткені олардан да басқа адамдар бар ғой. Келесі жылға жоспар көп. Өте қуаныштымын өзімнің үйімнің болғанына. Әр қазаққа бұйырсын деймін.
Өңірде Темірхан секілді үйлі болуды армандап жүрген балалар үйінің 700-ден астам түлегі бар. Солардың бірі – 18 жастағы Марина Шроо. Ол қазір «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатыр.
Марина Шроо, балалар үйінің түлегі:
Осы жер ұнайды маған. Әдемі. Барлық жағдай бар. 2010 жылы балалр үйіне түстім, сол кезде пәтерге кезекке тұрдым. Әлі 203-тей адам бар. Әлі ұзақ.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл жерде осындай екі қабатты төрт үй бар. 80 орынға шақталған. Қазір 40 бала тұрып жатыр. Олар мұнда 29 жасқа дейін тұра алады.
Соңғы үш жылда орталықтағы 24 түлек баспаналы болған. Мамандардың айтуынша, бұл өте жақсы көрсеткіш. Өйткені, балалар үйінен шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған облыстағы 778 баланың 19-ында ғана жеке баспана бар. Басқалары жалдамалы пәтерлерді жағалауға мәжбүр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биыл қамқоршысы жоқ 1275 бала баспаналы болды. Дегенмен бұл санаттағы жастардың саны көбеймесе, азаймайды.
Мәдина Бисембаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы:
2023-2024 оқу жылында оқу жылында мектепті 3 239 осы санаттағы түлек аяқтады. Түлектердің баспанамен қамтамасыз етілуі негізгі әлеуметтік мәселелердің бірі. Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес коммуналдық үйдің 20 пайызы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Өңірде жыл сайын бар болғаны 10-13 балаға үй беріледі. Өйткені салынып жатқан коммуналдық үйлер көп емес. Ал «Отбасы банктегі» есепшоттары арқылы екі жыл ішінде тек 3 түлек пәтер алған.
Жанаргүл Нөсербаева, Бала құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы:
Өзіміздің есебіміз бойынша сондай, пайыздық есеппен әр ауданда әртүрлі. Мысалы, бесеуден, біреу беріледі. Біреулерінде мүлдем болмауы да мүмкін. Қанша бала анықталса, сонша балаға есепшоттар ашылады. Демеушілікпен ұйымдастырамыз, сол кезде «Отбасы банктегі» шоттарына ақша салынып тұр.
Ел бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 58 мың бала үй кезегінде тұр. Бұл санаттағы балалардың саны жыл сайын өсе беретінін есептемегеннің өзінде олардың барлығы баспаналы болуы үшін кемі елу жылдай уақыт керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы