«Құқық кабинеттері» ауыл халқына тегін заң көмегін көрсетуде
Ауылдарда ашылған «Құқық кабинеттері» тұрғындарға тегін заң көмегін көрсетіп келеді. Тұрғындар бұл жерде еңбек, отбасы, тұрғын үй, әкімшілік заңнамаларымен және аудан әкімі мен аудандық мәслихаттардың қаулыларымен таныса алады. Бұл мүмкіндікті Ақтөбе облысының Мәртөк ауылында осы уақытқа дейін жүзден астам адам пайдаланған. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері және заңгерлер азаматтарға тегін кеңес беруге әрқашан дайын.
Нұрдәулет Бауыржанов, Мәртөк ауданы әкімі аппаратының бас маманы:
Бұл кабинет 2024-ші жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істеп тұр. Тұрғындар құқықтық көмек алудан бөлек «Е өтініш» порталы арқылы аудан әкімдігі мен өзге де мекемелерге арыз-шағым жолдай алады.
Ақмола облысында 160 ауылдық округтің барлығында дерлік «Құқық кабинеттері» жұмыс істеп тұр.
Шағын ауылдарда бұл egov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ретінде рәсімделген. Екі мыңнан аса тұрғыны бар Кенесары ауылдық округінің әкімдігінде құқықтық кабинет осыдан бір жыл бұрын ашылған. Күніне шамамен 7-8 адам келіп, өзіне қажет құжат пен анықтаманы шығарып жүр. Компьютер арқылы «Әділет» ақпараттық жүйесіне, «Заң» деректер базасына және е-өтініш, egov сияқты басқа да порталдарға кіру мүмкіндігі бар.
Зарина Сағитова, Кенесары ауылының тұрғыны:
Мен жергілікті әкімдікке наркологиялық-психологиялық диспансерден анықтама алу үшін келдім. Осыдан бір апта бұрын электрондық цифрлық қолтаңба алғанмын. Бұрын осындай бір құжат үшін ауданға баратын көлік іздеп, әбігерге түсетін едік. Енді өте ыңғайлы. Ешқайда жол жүрудің қажеті жоқ, бәрі қолжетімді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы