Басты Жаңалықтар Ғалымдар дрон мен спутниктік технология арқылы табиғи өзгерістерді бақылауда

Ғалымдар дрон мен спутниктік технология арқылы табиғи өзгерістерді бақылауда

Отандық ғалымдар құрғақшылық, сырғыма қаупі және су тасқынынан кейінгі өзгерістерді кеңінен зерттеп жатыр. Нәтижесінде өңірлердің қауіпсіздігін болжауға арналған модельдер жасалды. Осы ретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қазақстан–Қытай бірлескен зертханасының мамандары дрондар мен спутниктік деректерді пайдаланып, экожүйедегі өзгерістерді жылдам әрі дәл анықтап келеді. 

Сәнім Бейсенбаева Батыс Қазақстан облысында құрғақшылықтың реттік индексін жаңартып отыр. Ғалым топырақ пен өсімдіктің жай-күйін спутниктік деректер арқылы бақылап, ондағы өзгерістерді дәл анықтаған.

Сәнім Бейсенбаева, ҚазҰУ зертханасының аға ғылыми қызметкері:

Дрондар ұшыру арқылы жұмысымызды тездетеді. Бұрында әр нүктеге көп уақыт кететін еді. Әр спектр арқылы тас, топырақ, өсімдік бойынша өзгерістер бар ма, жақсы ма, жаман ба - соның барлығын талдауға көмектеседі. Және сол арқылы тез мәліметті алып, тез өңдей аламыз.

Ал Жанар Райымбекова Түркістан облысындағы туристік аймақтардағы сырғыма қауіптілігін бағалау жұмыстарына жауапты.

Жас маман жоба барысында үш рет далалық зерттеу ұйымдастырыпты.

Жанар Райымбекова, ҚазҰУ зертханасының аға ғылыми қызметкері:

Дәл қазіргі таңда сырғыма құбылыстарының келешекте даму мүмкіндігін моделдеу жұмыстарын дайындап біттік. Соңғы кезеңде әр аумаққа қауіптілік паспортын дайындап жатырмыз. Машиналық оқыту жүйесі де жақсы дамып жатыр, дрондық түсірілімдерді қайта өңдеу өте көп уақыт алады.

Заманауи дрондар көпарналы және радарлық түсірілім жасайды. Ал өңделген деректер топографиялық карталар жасап, жер бедеріндегі өзгерістерді 3D форматта анықтауға мүмкіндік береді, дейді ғалымдар.

Дана Шоқпарова, ҚазҰУ директоры:

Әрбір спектрді пайдалана отырып, біз сол жерде болып жатқан түсірілім аймағындағы өсімдік жағдайы қаншалықты өзгерді, сонымен қатар ғарыштық түсірілім арқылы динамикасын бағалай аламыз.

Мамандар осылайша жаңа технология табиғи процестерді жылдам әрі дәл бақылауға жол ашады. Ал алынған мәліметтер өңірлердегі экологиялық мәселелерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді деп есептейді.


Бөлісу