Басты Жаңалықтар Қызылордалық екі студент алаяқтарды әшкерелейтін бағдарлама жасады

Қызылордалық екі студент алаяқтарды әшкерелейтін бағдарлама жасады

Қызылордалық студенттер ғаламтордағы алаяқтардың айласын әшкерелейтін бағдарлама жасап шығарды. Қауіпті сайттар мен сілтемелерді анықтайтын қосымшаға бүгінде Полиция департаменті қызығып отыр. Талапты жастардың ІТ жобасы жайлы тілшіміз айтады.

Нұрбол мен Нұрбек Қорқыт ата университетінің 2-курс студенттері. ІТ институтында білім алып жатқан ізденімпаз жастар интернет алаяқтардың іс-әрекетін көптен бері зерттеп келген. Жақындары да содан опық жеп, осы бағытта алғашқы жобаларын жасауға себеп болыпты.

Нұрбек Әбілдаев, жоба авторы:

Үлкен кісілер бар қаншама фишингке алданып қалатын. Ондайды білмейтін. Және қаншама жастар бар. Сол мәселелерді қозғай отырып, біз оның оқиға болғаннан кейін емес, оның алдын алу үшін жүйе ойлап таптық.

Киберқауіпсіздік ілімін меңгерген студенттер жаңа бағдарламасына жасанды интеллект жүйесін де енгізген. Сондықтан бұл ғаламтор желісіндегі алаяқтардың кез келген құйтырқы әрекетін әшкерелейді.  

Нұрбол Оңалбеков, жоба авторы:

Жалпы, мұны қолданушы кез келген сайтқа өткен кезде сол сайттың структурасын анықтайды. Бұл қосымша. Ол сайтты алаяқтар жасаған ба нәмесе шынайы сайт па - соны нақтылап, зерттеп, сосын қолданушыға тексерілген сайтты береді.

Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселенің шешімін іздеген жастардың ІТ жобасы облыста өткен «Inno fest» республикалық байқауында үздік атанды. Сондай-ақ бұл жаңашылдыққа облыстық Полиция департаменті қызығушылық танытып, бағдарламаны іс жүзінде қолданып көрмек.  

Сәбит Ибадулла, облыстық ПД бастығының орынбасары:

Осы жігіттердің жасаған жобасымен Киберполиция басқармасы бірге жұмыс істейді. Пилотты түрде бізге ендіріп берсе, біз осы құралмен көптеген жалған сайтты, сілтемені анықтауға мүмкіндік беретін жақсы бір құрал болайын деп тұр.

Нұрбол мен Нұрбек ойлап тапқан қосымшасын бұған дейін бірнеше мәрте сынақтан өткізіп, оң нәтиже берген. Сондықтан талантты жастар бұл бағдарлама ел игілігіне қызмет ететініне сенімді. Енді алдағы уақытта осы бағытта смартфонға арналған қосымша шығармақ.


Бөлісу