Басты Жаңалықтар Абай облысында 12,8 млрд теңге болатын 8 жоба іске қосылған

Абай облысында 12,8 млрд теңге болатын 8 жоба іске қосылған

Абай облысында ауыл шаруашылығы саласына жыл басынан бері 45,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Құны 12,8 млрд теңге болатын 8 жоба іске қосылды. Саланы дамытуда жергілікті кәсіпкерлердің үлесі зор. Іскер азаматтар жеке табысқа ғана емес, өңірдің әлеуметтік әлеуеті артуына да мән беріп отыр.

Ақсуат ауданындағы Екпін ауылының тұрғыны Данияр Қасенов 2011 жылы шаруашылық құрған. Азын-аулақ ірі қараны бағып, табанды еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетті. Бүгінде өңірдегі ең ірі шаруашылық атанған. Үш ай бұрын жеке инвестиция есебінен 5 мың бас ірі қараны бордақылайтын кешен құрған. Табысты еңбек етіп жатқандықтан, мемлекет қолдауы да орасан.

Данияр Қасенов, қожалық жетекшісі:

Субсидияларды жылда уақытында алып отырмыз. Жеңілдетілген несие 1,5 пайызбен алып жүрміз. 1 мрлд 120 млн теңге алдық. Қожалық құрғаннан бастап мал бордақылаумен айналысқанбыз. 2018-ге дейін 200-300 бас байлайтынбыз. Биыл 5 мың басқа үлкейттік.

Шаруа қожалығы 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Малшы қауымға қажет барлық жағдай жасалып отыр. Жоғары жалақы беріліп, заманауи үй-жай жаңадан тұрғызылған.

Біржан Әміралиев, тракторшы:

Өздеріңіз көргендей, жаңадан үй салып берген. Қасымдағы жұмысшылар осы ауылдың азаматтары. Бірге жұмыс істеп отырмыз. Шаруашылық осылай дами берсе. Басқа азаматтарда шаруашылық көбейте берсе. Ауыл азаматтары шығара берсе. Еңбек етсең, бәрі де болады. Жағдайымыз жасалған.

«Мәуліт» шаруа қожалығы өз ісін ғана емес, бүтіндей ауданның дамуына да ден қойған. Соңғы жылдары бірнеше елді мекенге жаңа тұрғын үй, мәдени ошақтарды өз есебінен салып берді. Енді Екпін ауылына құны 800 миллион теңге тұратын спорт кешенін тұрғызып жатыр.

Медет Берікқали, Екпін ауылының тұрғыны:

Спорт кешені бұрын-соңды болған жоқ. Құрылысы биыл жазда басталған. Салып жатқан кәсіпкер былтыр ауылымызға мәдениет үйін салған. Жаңадан үйлер салынып жатыр. Бізде көшіп кету деген жоқ. Керісінше келіп жатқандар бар.

Данияр Қасенов сынды іскер азаматтардың арқасында Абай облысында биыл мал шаруашылығында 105,2 пайыз өсім бар. Нәтижелі жұмысты дамыта түсу үшін шаруаларға мемлекет тарапынан 15 млрд теңгеден астам субсидия және жеңілдетілген несиелер берілген.


Бөлісу