«Қазақстан – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 22-отырысы өтті
Бүгіннен бастап Еуропалық Одақ Қазақстан азаматтары үшін виза рәсімдеуді жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді бастауды құптады. Бұл туралы Брюссельде өткен «Қазақстан – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 22-отырысында Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді. Басқосуға қазақстандық делегацияны еліміздің Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев бастап барды. Жиын барысында қос тарап екіжақты байланысты күшейтудің қыр-сырын талқылады.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қазақстан үшін Еуропалық Одақ саяси һәм экономикалық әріптестің бірі. Ал Қазақстан-біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 50 млрд долларды құрады. Қос тарап мұны көбейтуге, ынтымақты кеңейтуге мүдделі.
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің қабылданғанына 10 жыл. Қос тарап сол келісім аясында саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, барлығы 29 сала бойынша ынтымақты күшейтіп келеді. ЕуроОдақ «Жаһандық қақпа»стратегиясы аясында инвестиция тарту арқылы Транскаспий көлік дәлізін дамытып, алыс-берісті арттыруға мүдделі. Қазақстан үшін отандық өнімнің экспортын көбейтіп, оны Еуропа нарығына кедергісіз тасымалдау маңызды.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
Біздің екіжақты күн тәртібімізге сауда және инвестиция, көлік және цифрландыру, энергетика, аса маңызды шикізат материалдары, климат, тұрақтылық және көлік байланысы кіреді. Біздің еліміз Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір. Басқосудағы пікірталас біздің серіктестігіміздің беріктігін растады және алдағы онжылдыққа табысты жоспар құруға мүмкіндік берді.
Қос тарап білім-ғылым, көлік-логистика, экология, жасыл энергияны дамытуда өзара тәжірибе алмаспақ. Қазақ жастарының Еуроодақ елдерінде білім алуын қолжетімді ету, қазақстандықтарға визалық рәсімді жеңілдету мәселесі басқосуда қызу талқыланды.
Кая Каллас, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі:
Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы виза рәсімдеуді жеңілдету және реадмиссия туралы келісім бойынша келіссөздерді ресми түрде бастайтынымызды хабарлауға қуаныштымын. Біз Қазақстан азаматтарының Еуропалық Одаққа саяхаттауға деген үлкен қызығушылығын көріп отырмыз. Келісім күшіне енгеннен кейін визаны рәсімдеу мерзімі қысқарып, әкімшілік алымдар, визаға қажетті құжаттар саны азайып, қазақстандықтарға ЕуроОдаққа сапарлау жеңілдетіледі.
Кездесу соңында министр Көшербаев пен ЕуроОдақтың жоғарғы өкілі Кая Каллас саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда, инвестицияны, гуманитарлық саладағы байланысты тереңдетуге уағдаласты. Және 3-желтоқсанда Еуропалық кеңес Төрағасы Антониу Коштаның Қазақстанға ресми сапары қос тараптың ынтымағын онан сайын бекемдей түсетіне сенім білдірді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы