Абай облысында «Қауіпсіздік әр үйде!» акциясы өтті
Абай облысында Төтенше жағдай қызметінің мамандары тұрғындарға жылыту маусымы кезінде сақтық шараларын күшейтуді ескертіп жатыр. Өйткені соңғы жылдары жекеменшік секторда өрт оқиғалары жиілеп кеткен. Өткен жылыту маусымында 304 өрт тіркелсе, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 44 пайызға көп. Сондықтан мамандар ауқымды рейд ұйымдастырды.
«Қауіпсіздік әр үйде!» және «Улы газдан сақ бол!» акциялары облыс көлемінде қолға алынды. Мамандар жаппай жекеменшік үйлерді аралап, жаднама таратты. Өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді.
Ерасыл Кәдірбеков, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:
Өрттің ең басты себебі – пешті дұрыс қолданбау, электр тоғын, өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу. Сол себептен біздің тұрғындарды өрт қауіпсіздік ережелерін сақтап, пешті үнемі дұрыс қалпына келтіру және сақтау қажеттігін ескертеміз. Балаларды жалғыз қалдырмауды сұраймыз.
Акция кезінде мамандар әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың үйлеріне улы газды алдын ала анықтайтын дабылқаққыштар орнатты. Соңғы үш жылда жер үйлерге 15 мыңнан астам осындай құрылғы қойылған.
Әйгерім Жақпарова, Семей қаласының тұрғыны:
Ол кісілерге көп-көп рақмет. Халықтың қамын ойлап, біз сияқты отбасыларға көмектесіп, жағдайымызды жасап жатқанына көп рақмет.
Акциядан қоғам белсенділері мен волонтерлер де шет қалған жоқ.
Аружан Айбекова, волонтер:
Ерікті ретінде ТЖД бірге қазір жылыту маусымына байланысты әлеуметтік шектеулі және көпбалалы отбасыларға қысқа дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Тек биылдың өзінде 1800-ден астам дабыл құрылғысы тегін таратылған. Мамандардың айтуынша, түтін шыққанда белгі беретін тетіктің арқасында соңғы жылдары 21 адам, соның ішінде 10 бала аман қалған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы