Ақтөбеде құрылыс компаниясының басшысы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Ақтөбеде құрылыс компаниясының басшысы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Алданған тұрғындар салған ақшаларын 2 жылдан бері кері қайтара алмай жүр. Белгілісі - компания құрылысты 5 жыл бұрын бастаған. Алайда баспана аламын дегендер бастарына бәле тілеп алғандарын кеш білген.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл үйдің құрылысы 2020 жылы басталған. Келісім бойынша тұрғындар бір жыл ішінде қоныс тойын тойлауы керек еді. Алайда уәде орындалмады. Амалы таусылған салымшылар пәтерден бас тартуға мәжбүр болған. Осы уақыт ішінде салған ақшаларын да кері қайтара алмай жүр.
Айдана Әбдірахманова жаңа үйден пәтер аламын деп үміттенгендерді бірі. Алайда үміті күдікке ұласты. Ол компанияға үш жарым миллион теңгесін салған. Құрылыс тоқтап қалғандықтан, уақыт жоғалтпау үшін қаржысын кері қайтарып алмақ болған. Салымшылар бір пәтердің бірнеше адамға сатылғанына дәлеліміз бар дейді. Оны өзара кездесіп, келісімшарттарын тексергенде анықтаған.
Айдана Әбдірахманова, салымшы:
Азаматтық сот жүргізген болатынбыз. Шешімі бар, ол шешімді сот орындаушы еш орындап жатқан жоқ. Екі жыл өтті. Әкімдікке де, прокуратураға да, министрлікке бардық, баспаған тауымыз жоқ. Бір пәтерді 3-4 адамға тапсырып, келісімшарт жасап тұр. Бұл - алаяқтық.
Салымшылардың арасында пәтер құнын толықтай төлеп қойғандар да бар. Компания оларды да баспанасыз қалдырды. Өйткені жылжымайтын мүлік бағасы өскендіктен, компанияға басқалармен келісімшарт жасау тиімді дейді тұрғындар.
Орынбек Дулатов, салымшы:
Үйімді талап етемін. Менің ақшам толық 6 млн 200 болған. Келісімшартта бар және сол өз үйімді талап етемін. Бұлар бермейміз дейді.
Бұл жерде көп қабатты үш үй салынуы тиіс. Қазір тек біреуінің құрылысы аяқталуға жақын. Оның өзіне жаңа инвестор тартылған. Салымшылардың сөзінше, құрылысы басталмаған қалған екі үйдегі пәтерлер де алдын ала сатылған.
Арман Алданазаров, құрылыс компаниясының өкілі:
Үй 90 пайызға дайын. Салымшыларға қаржының бір бөлігін қайтардық. Үйді жылдың аяғына дейін қолданысқа беруге дайынбыз. Бірақ оған дейін құқық қорғау органдары салған тыйымның күшін жоюы керек.
Амалы таусылған тұрғындар прокуратураға келді. Заң өкілдерінің айтуынша, компания басшыларына қатысты алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Болат Саламат, қалалық Прокуратураның бөлім прокуроры:
Іс бойынша 22 арызданушы, 22 жәбірленуші бар. Әрқайысына әртүрлі шығын келген. Жинақталған дәлелдемелерге баға беріліп, тергеу әрекеті жасалып, нәтижесімен тиісті процесуалдық шешім қабылданады.
Салымшыларға келген шығын 120 миллион теңгеден асады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы