Басты Жаңалықтар Шымкент қаласы жыл соңына дейін ауызсумен толық қамтылады

Шымкент қаласы жыл соңына дейін ауызсумен толық қамтылады

Шымкентте ауызсумен қамту деңгейі жыл соңына дейін 99,9 пайызға жетеді. Айкөл тұрғын алабы да бүгін жаңа орталықтандырылған жүйеге қосылды. Ұзақ жылдар бойы тіршілік нәрінен таршылық көрген тұрғындар енді сапалы ауызсуға қол жеткізді.

Назым Қалыбекова Айкөл тұрғын алабында 40 жылдан астам уақыт тұрады. Көптеген жылдар бойы тіршілік нәрін құдықтан тасып күн көрген, соңғы үш жылда кесте бойынша уақытша жеткізілетін суды пайдалануға мәжбүр болды. Ал бүгін ол ұзақ күткен сапалы және тұрақты ауызсуға қол жеткізді.

Назым Қалыбекова, қала тұрғыны:

Аптасына 2-3-рет бөшкелерге құйып береді. Біз соны кірге де, ыдыс жуғанға да, ішкенге де үнемдеп жұмсадық. Енді су келіп жатқанына қуаныштымыз.

Жоба аясында демеушілер есебінен 15 шақырымға жуық құбыр тартылып, Айкөлдегі 38 үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Қазір тіршілік нәрі үздіксіз беріле бастады. Ал келесі жылы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қаладағы ауызсу мәселесі толық шешімін табады, дейді жауаптылар.

Рзабек Меңдіқұлов, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

Жоспарымыз17 желтоқсанда Құрсайда үлкен жобамыз қосылады. Құрсайды қосқаннан кейін қаланың су көрсеткіші 99.9 пайызды құрайды. Бүгін осы Айкөл елді мекеніне берілді.

Қалада инфрақұрылымды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Жыл соңына дейін газбен қамту 98 пайызға, электрмен - 100 пайызға, кәріз жүйесі 65 пайызға жетеді. Ал 2027–2028 жылдарға жоспарланған АГРС-5 пен 220 кВ «Қызылсу» қосалқы станциясы Шымкенттің инженерлік қуатын арттырып, тұрақты қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Бөлісу