Қызылорда колледжі жасыл дәріхана жобасын қолға алды
Қызылордада жоғары медициналық колледжі жасыл дәріхана жобасын қолға алды. Оқу орнының оқытушылары мен студенттері жылыжайда емдік қасиеті бар өсімдіктердің түр-түрін өсіріп жатыр. Болашақ фармацевт мамандар дәрілік шөптерді тәжірибе жүзінде қолданып, теориялық білімін жетілдіруде.
Жылыжайға өсімдік көшеттері Алматының ботаникалық институтынан әкелінген. Мұнда 80-ге жуық дәрілік шөп бар. Оның әр қайссын түрлі ем-домға қолдануға болады.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Бұл ақ қазтабан өсімдігі. Қалқанша безі мен ЗОБ ауруына қолданады және адам ағзасында йод алмасуын жақсартатын емдік қасиеті бар. Дәрілік шөп негізінен биік таулы аймақтарда, ормандарда өседі.
Жасыл дәріхана қазір медициналық колледждің тәжірибе алаңына айналған. Оқытушылар мен студенттер күнделікті өсімдіктерді күтіп-баптап, емдік қасиеті бар шөптерден сан алуан фито-шай дайындайды.
Мақсат Жетпіс, оқытушы:
Бұл студенттерге қызықты деп ойлаймын. Өйткені, теория жүзінде ғана емес практика жүзінде біз шайлар дайындаймыз. Оның адам ағзасына пайдасын зерттейміз. Осы дәрілік шөптермен ғылымға деген қызығушылығы пайда бола бастады.
Оқу орнында бүгінде фармацевт мамандығы бойынша 60 студент білім алып жатыр. Оқу процесі күрделі. Бірақ, жастар кітаптан алған білімін жылыжайда жетілдіріп, өз мамандықтарына қызығушылықтары арта түскен.
Ақбота Бердерова, студент:
Алдағы жоспарымыз 80 түрлі дәрілік өсімдіктерді әрі қарай тағы көбейту. Көптеген өсімдіктердің қандай емдік қасиеттері бар екенін білдік. Осы мамандықты бітірген кезде осы тәжірибелердің, жылыжайдың арқасында өзіміздің көзімізбен көрген, істегеніміздің арқасында біз дайын маман болып шығамыз.
Демеушілер есебінен салынған «Жасыл дәріхана» фармацевт мамандарын даярлау ісіне тың серпіліс берді. Ал дәрілік өсімдіктерді жетік меңгерген студенттер келер жылы Шымкенттегі химия-фармацевтика зауытында өндірістік тәжірибеден өтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы