Алматыда 23 мың студент кәсіби дағдысын жетілдіріп жүр
Алматыда дуалды оқыту жүйесіне 770 кәсіпорын тартылған. Олар 71 мамандық бойынша оқып жатқан 23 мыңнан астам студентке кәсіби дағдыны жетілдіруге, теориялық білімді нақты өндірісте қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Оқыту жүйесіне енген бұл үрдістің тиімділігі неде? Айдана Қуантхан тарқатады.
Айлин Қамырбай колледжде тігінші мамандығында оқиды. Үшінші курс студенті қазір білім мен тәжірибені ұштастырып, тігін цехында жұмыс істеп жүр.
Айлин Қамырбай, студент:
Бұл өндіріс орнында жаңа технологиямен танысып, шеберлігімізді шыңдадық. Осында жүріп, тіпті ең күрделі процестерді де үйрендік.
Мәдина Төлебаева, Алматы автомобиль және сән индустриясы колледжінің өндіріс шебері:
Дуалды оқыту жүйесі нәтижесінде 40 пайыз теория, 60 пайыз тәжірибенің арқасында оқушылар білімін теория жүзінде емес тәжірибе жүзінде қалыптастырады. Және кәсіпорынға алдын ала маман ретінде дайындала бастайды.
Ал бала кезінен аспаз болуды армандаған Руслан Кенжетаев үш айдан бері қаладағы танымал мейрамхананың бірінде тәжірибе жинап жүр.
Руслан Кенжетаев, студент:
Мен мұнда орыс және итальян асханасының ерекшеліктерін, дайындалуы күрделі тағамдарды үйрендім.
Ал Алматы технологиялық колледжі 68 кәсіпорынмен келісімшарт жасап, 790-ға жуық студенттің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің маманы Мейіржан Әлімтайқызы дуалды оқыту жүйесі студенттер үшін өте тиімді деп есептейді.
Мейіржан Әлімтайқызы, Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің оқыту шебері:
Дуальды оқыту арқылы біз сапалы, елімізге қажет жұмысшы мамандықтарды әрі қарай дамытып, қолдай береміз деген ниеттеміз. Алдыңғы жылы 589 студент бітірген болатын. Соның жалпы 90 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілген.
Биыл Алматы колледждерін 26 мыңға жуық маман аяқтады. Олардың 95 пайызына жуығы жұмысқа орналасып, еңбек нарығына шықты. Мамандар бұл жетістікке дуалды оқытудың да айтарлықтай әсері бар деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы