Ташкентте инвесторлар форумында отандық жобалар таныстырылды
Ташкентте Транскаспий көлік дәлізі мен өзара байланыстарды дамыту жөніндегі инвесторлар форумы өтті. Маңызды жиында Қазақстан тасымал бағытын қамтитын ірі бастамаларымен ЕуроОдақ өкілдерін таныстырды. Бірнеше жоба еуро комиссарлар тарапынан жоғары бағаланды.
Форум алғаш рет ЕуроОдақ, Қара теңіз аймағы мен Орталық Азия елдерін біріктірді. Оның жұмысына Еуропадағы ірі қаржы институттары мен аймақ елдерінің көлік тасымалына жауапты лауазымды өкілдері қатысты.
Сәтжан Өзбеков, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің департамент директоры:
Көлік саласын дамытуға бағытталған негізгі бастамалармен ЕуроОдақ және аймақтағы серіктестерімізді таныстырдық. Қазіргі таңда үш мың шақырым темір жол жаңғыртудан өтіп, бір жарым мың шақырым жаңа жол салынып жатыр. Осы ақпаратпен бөлістік, нәтижеде ЕуроОдақ тарапынан біздің жасап жатқан жұмыстарға жоғары баға берілді.
Форум аясында жоғары деңгейдегі кездесулер, түрлі тақырыпта панельдік сессиялар өтті.
Транскаспий көлік дәлізінде Қазақстанның стратегиялық рөлі зор. Осы ретте Каспий теңізіндегі тасымалды дамытуға серпін беретін жақсы жаңалық орын алды.
Сәтжан Өзбеков, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің департамент директоры:
ЕуроОдақ тарапынан біздің Ақтау портының айлақтарын дамыту бағытында грант есебінде қаражат бөлу көзделіп отыр. Осының алғашқы меморандумына қол қойылды. Бұл біздің порттың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған қаражат болып есептеледі.
Жасурбек Чориев, Өзбекстан Республикасы Көлік министрінің орынбасары:
ЕуроОдақ Орталық Азияның ірі мемлекеттеріндегі көлік инфрақұрылымы жобаларына қызығушылық танытып отыр. Ірі банктердің арнайы ресурс бөліп осындай жобалардың жүзеге асуына жәрдем беріп жатқаны өте құптарлық бастама.
Еурокомиссарлар біздегі инфрақұрылымның жайымен танысып, еліміздің инвестиция тартуға дайын екеніне қанықты, - дейді форум қатысушылары. Транскаспий көлік дәлізін дамыту шеңберінде серіктестікті кеңейту жобалары алдағы уақытта жалғасатын болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы