Өзбекстанда «Жібек жолындағы туризм» жәрмеңкесі өтіп жатыр
Ташкентте «Жібек жолындағы туризм» халықаралық жәрмеңкесі басталды. Онда Қазақстанның да павильоны орын тепкен. 20-дан астам отандық туркомпания алыс жақын елдердің саяхатшыларына өз бағыттарын ұсынды. Екі ел арасында саланы бірлесе дамытуға қатысты бірқатар келісім жасалады деген жоспар бар.
Бұл түрлі мәдениетті топтастырып, саяхаттау бағыттарын айшықтайтын Орта Азиядағы ірі жоба. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Жәрмеңкеге Қазақстаннан да өкілдер қатысып жатыр. Арасында тарихы терең, мәдени мұраға бай Түркістан мен Шымкент шаһарындағы туризмді түлетіп жүрген азаматтар бар.
Қытай, Түркия, Әзербайжан мен Грузия елдерінің компаниялары да келген. Саланы дамытуға атсалысып жүрген кәсіпкерлер өз елінің туристік потенциалын паш етуде. Ал көрші елдегі Ташкент, Бұқара мен Самарқан сынды ірі қалалар біздің саяхатшылар арасында аса танымал.
Надежда Варенцева, турист:
Бірінші рет келуім. Мұнда айналаның барлығы тұнып тұрған тарих. Аяқ аттаған сайын киелі орындарға кезігесің. Алған әсерім керемет. Халық қонақжай, ауа райы да тамаша, өзіме осы сапар қатты ұнады.
Қазақстан мен Өзбекстанның туризм әлеуеті Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерден едәуір озық. Мамандар пікірі осындай. Ынтымақтастық алдағы уақытта арта түспек. Қос ел бірлесе қолға алған жобалар жүзеге асуда.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Саяхатшының өз сапарында бір емес бірнеше елді аралауы соңғы кезде аса танымал әдіске айналған. Бұл туристердің уақытын да, қаржысын да үнемдеудің тиімді мүмкіндігі. Дәл осындай аралас саяхат жобасы соңғы кезде Өзбекстан мен Қазақстан арасында жанданып түрлі бағыттары ашылып жатыр.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:Келіссөздер жүргізіп бізге қандай бағыттар бойынша екенін айтады. Сол бағыттарға біз тікелей рейстер ашамыз. Ал «Жібек жолы» пойызы қазір екі елдің арасындағы жақсы туристік өнім болып отыр. Өзге елдер де осындай туристік өнім жасауға қызығып ұсыныс беріп жатыр.
Киелі орындарды насихаттау алдағы уақытта жалғаса бермек. Бұған дейін зиярат және гастрономиялық туризм бойынша тиісті келісімдер жасалған. Осы жолы да екі мемлекет арасында саланы бірлесе дамыту бойынша келіссөздер жүргізіледі деген жоспар бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы