Шымкентте тұрғындар QR-код арқылы өз ұсынысын жолдай алады
Шымкентте тұрғындардың ұсыныс, пікірлерін қабылдайтын жаңа цифрлық платформа іске қосылды. Қоғамдық орындарға орнатылатын QR-код арқылы кез келген азамат шаһардың дамуына қатысты өз ойын бірден жолдай алады.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Міне, дәл осындай Qr-кодтар қаланың барлық қоғамдық орындарында орнатылған. Ұялы телефон арқылы мына QR-кодты сканерлеп, сілтемеге өтесіз. Ал мұндағы парақшада өзіңіздің ой-пікіріңізді, талап-тілегіңізді немесе арыз-шағымыңызды тікелей жолдай аласыз.
Қала тұрғыны Рызогәли Сүлейманов жаңа жобаны маңызды бастама деп бағалайды. Оның айтуынша, бұл жүйе азаматтардың пікірн ескеруге мүмкіндік береді. Әсіресе, белсенді жастар үшін өз идеясын ұсынып, қаланың дамуына ықпал етудің қолайлы жолы. Рызогәлидің өзі де жүйеге өз ұсынысын жіберді.
Рызогәли Сүлейманов, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы жастар комьюнити орталығының жетекшісі:
Маған бұл өте жақсы бастама сияқты көрінеді. Өйткені әр азамат өз идеясын ұсына алса қала дамиды. Әкімдік те мұны назарға алады, сол арқылы қаламыздың дамуына және жақсаруына ықпал жасалады.
Тұрғындар ұялы телефоны арқылы QR-кодты сканерлеп, ұсыныстарын тіке жолдайды. Барлық 5 аудан бойынша азаматтардың пікірі сараланып, ұтымды ұсыныстар кейін нақты жүзеге асады.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі:
Сіздерге де осыны қала әкіміне жеткізші, әкімдікке айтыңызшы деп жататын тұрғындар бар екеніне біз сенімдіміз. Енді ол кісілер тікелей өз үлесін қоса алады. Өз ұсыныстарын жолдай алады. 5 ауданда да тікелей әкім халықтың арыз шағымын алып отыратындай жағдай жасаймыз деп отырмыз.
Қазір қала бойынша 40 QR-код саябақтар мен қоғамдық көліктерге орнатылды. Цифрлық жүйе әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ететін платформаға айналуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы