Басты Жаңалықтар Қостанай облысында жұмысшылар бір жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр

Қостанай облысында жұмысшылар бір жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр

Қостанай облысының Рудный қаласында мектеп салған құрылысшылар бір жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Жұмысшылардың айтуынша, кәсіпкер еңбек шартынсыз жазда жұмысқа алып, түрлі сылтаумен біренше айдың еңбекақысын төлемей қойған.

Сабыржан Орынбеков, Рудный қаласының тұрғыны:

Талап еткен соң 150 мың ғана аванс берді. Содан қалған менің алашағым 520 мың. Менің жазған арызыма ішінде 10 шақты адам қол қойды. Прокуратураға бердім. Келген жауапқа сәйкес, олар дәлелдейтін құжат керек, еңбек шарты, бұйрық сұрап отыр. Сотқа беріп едім сотқа жеткізбей шешіп алынатын жұмыс дейді.

Құрылысқа жауапты негізгі мердігер қарызды өтеу аутсорсинг арқылы жұмыс істеген қосалқы мердігердің міндеті екенін айтады. Себебі олар кәсіпкерге қажетті қаражаттың барлығын былтыр қазан айында аударыпты. Ал берешегін бермей жүрген кәсіпкер бұған жұмысшылардың өзін кінәлайды.

Бақдәулет Сауырбай, субмердігер:

Жұмысқа мен қабылдамаймын. Нақты сізге барып тұрған адам ақшасын ала алмай қалды. Ал былай адамдар алып жүрген. Басшылық ауысты, күзет ауысты. Ол жерде журнал жоқ. Жұмысшылардың жұмыс кіргенін тіркеп отыратын. Бір жұмысшы келсе, бір жұмысшы келмеген. Жұмысшылардың да кінәсі бар.

Айнұр Тұрғанова, облыстық Еңбек испекциясы департаментінің еңбек инспекторы:

Кәсіпорынның нақты мекенжайы Түркістан облысында тіркелгені анықталды. Сондықтан біз арызды сол жаққа жібердік. Міндетті түрде тексеріс жүргізу үшін еңбек шарты, еңбек кітапшасы негіз болуы керек. Егер де бұл құжаттар болмаса, арыздарды тіркеуге қиындық туғызады. Сондықтан сот арқылы жүгінуге кеңес береміз.


Бөлісу