Басты Жаңалықтар Лицензиясы жоқ процедуралық кабинеттерден ем алудың қаупі

Лицензиясы жоқ процедуралық кабинеттерден ем алудың қаупі

Елде 400-ден астам жеке ем-шара кабинеті лицензиясыз жұмыс істеген. Кейбірінде дипломы жоқ азаматтар жұмыс істесе, енді бірі науқастарға мерзімі өткен инъекция салған. Тек жыл басынан бері заңсыз мекемелерде ем алған 4 адам көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігі олардың жұмысын тоқтату үшін не істемек? Процедуралық кабинеттің лицензиясы бар-жоғын, қауіпсіз екенін тұрғындар қалай анықтай алады? Жанел Нұрболатқызы зерттеді. 

Екі баланың әкесі Ерлан Атабеков бір жыл бұрын анафилактикалық шоктан көз жұмды. 50 жастағы азамат тұмауратып, дәрігердің нұсқауымен ем-шара кабинетінде инъекция салдырған. Әйелі Мөлдір Мекемтастың айтуынша, содан 2 минут өтпей жағдайы күрт нашарлап, құлап түскен. Жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізіп үлгерген. Бірақ ес-түссіз жатқан азамат сол күйі тіл қатпай, бірнеше сағаттың ішінде қайтыс болған.

Мөлдір Мекемтас, Ерлан Атабековтің әйелі:

Медбике дексаметазон, супрастин салған. Егу бөлмесіндегі дәрі-дәрмектің мерзімдері өтіп кеткен. Мүмкін сол салғырттықтан болды ма, мен білмеймін. Бірақ анафилактикалық шок болғаны анықталды. Сол дәрі-дәрмек салғаннан кейін анафилактикалық шокты қоздырған. Сол жерде қажет дәрілер болмаған. Адреналин салғанда мүмкін менің жолдасым тірі болар ма еді.

Мөлдір процедуралық кабинеттің лицензиясы болмағаны сот процесі кезінде анықталғанын айтады. Екпеге құйылған препараттың мерзімі өткені де дәлелденген.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Лицензиясы жоқ процедуралық кабинеттер Ерлан Атабековтің ғана емес, бір жылда тағы 3 адамның көз жұмуына себепші болды. Соның бірі – 29 жаста болған Исламбек Үсенов. Ол да Жамбыл облысының тумасы. Бірақ Ерлан Атабеков барған кабинетте емес, басқасында инъекция салдырған. Ал Маңғыстауда бір жылда заңсыз кабинеттерде ем алған 41 азамат анафилактикалық шок алған. Соның екеуі көз жұмды. Осы оқиғалардан кейін министрлік жеке процедуралық кабинеттерге бақылауды күшейтті. Республика көлемінде 2 мыңдай кабинет тексерілді. Олардың 400-ден астамы лицензиясыз жұмыс істеген.

Тек Жамбыл облысында талапқа сай келмейтін 37 нысан анықталған. Кейбірінде мүлде дипломы жоқ мамандар жұмыс істеген. Мерзімі өткен дәріні қолдану да мұндай кабинеттерде жиі кездеседі. Олардың ісін сот қарап жатыр.  Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі 122 хаттама толтырып, иелеріне жалпы сомасы 15 миллион теңге айыппұл салған.

Бауыржан Жүсіпов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің төрағасы:

Осындай шағын ғана медициналық кабинет ұйымдастырып, ол жерде кейбір мамандар өзінің функциясынан тыс шаралар қабылдайды. Операция істеуге дейін барғандар бар. Бірақ ондай қызмет көрсету заңсыз.

Медициналық және фрамацевтикалық бақылау  комитеті тексерісті тоқтатпаймыз дейді. Адамдардың өміріне қауіп төндіріп, талапты елемей жұмыс істейтін процедуралық кабинеттердің бәрін жабуға күш салмақ. Тұрғындарды сонда да абай болуға шақырады. Өйткені көпшілік мұндай медициналық мекемелерден ем алудың қауіпті екенін білмейді. 

Бірақ кез келген тұрғын лицензияны көрсетуді талап ете алады.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Заңға сәйкес, процедуралық кабинеттер лицензияны келушілерге көрінетін жерге іліп қоюға міндетті. Ал лицензияның жалған емес екенін қайдан білеміз? Құжатта QR код болады. Сол арқылы өтсеңіз, elicense.kz деген сайт ашылады. Сонда процедуралық кабинет туралы барлық мәлімет көрсетілуі керек. Ал кабинеттің иелері лицензияны көрсетуден бас тартса, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттеріне хабарласу керек. Тағы бір ескеретін жайт, процедуралық кабинеттер тек инъекция салуға құқылы. Система секілді өзге де ем-шараларды емханалардан ғана алу керек.

Ал жолдасынан айырылған Мөлдірге сот шешімімен 5 миллион теңге өтемақы беріледі. Ине салған медбикеге 1 жыл, кабинеттің иесіне 2,5 жыл шартты жаза тағайындалған.


Бөлісу