Басты Жаңалықтар Сүйектен түйін түйетін шебер Маңғыстауда тұрады

Сүйектен түйін түйетін шебер Маңғыстауда тұрады

Маңғыстаулық Алдаберген Тіленбаев сүйек ою өнерін жаңғыртып келеді. Ол 20 жылдан бері түйенің сүйектерін жинап, кәдесый жасайды. Үйге сәндікке ілетін картина іспетті туындылары әсіресе шетелдіктер арасында сұранысқа ие. Машақаты көп, әркім айналыса бермейтін өнерді дамытып жүрген шебермен тілшіміз Аягөз Оралбайқызы кездесіп қайтты.

Алдаберген Тіленбаев, ауданы Сарға ауылының тұрғыны. Мектепте көркем еңбек және бейнелеу өнері пәндерінен сабақ береді. Ал, қолы босағанда сүйек ою өнерімен айналысады. 2 мыңыншы жылдары оны өзі қызығып, үйренген. Кейін шетелдік шеберлерден сабақ алып, кәсіби түрде кірісті. 
- Түйенің жілігін пайдаланамын көбіне. Осы жіліктерді ет дүкендерінен сатып әкелдім.

Шебер көбінесе түйенің сүйектерін пайдаланады. Бірақ, арасында жылқы мен сиырдың да жіліктерін қолданады. «Соғым сойылған үйден ұялмай сүйек жинаймын», - дейді ол. Кейде ет дүкендерінен де сатып алады.
Алдаберген Тіленбаев, Сарға ауылының тұрғыны:

Енді сүйек ою өнері қазақта бұрыннан бар ғой, айналысты кезінде. Сол тас дәуіріне дейін де сүйекпен айналысқан. Соны қызығып қарап, бірақ үйрететін әлеуметтік желіде ешқандай мағлұмат болмады. Өзім іздендім. Болашақта тұрмысқа керекті заттар жасағым келеді. Жалпы мынандай жұмыстар бұны әсемдеп, рамкіге салып,безендіріп, үйге ілетіндей етіп дайындаймын.

Шебер сүйекті алдымен 3-4 рет қайнатып, майын шығарады. Әйтпесе ою қиын. Қайнатқан сайын сүйек ағарып, жұмсара түседі. Бетіне сурет салып, оны қашау жұмыстары әр кез әр түрлі уақытқа созылады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Шебер туындыларына Маңғыстаудың көрікті жерлерін, салт-дәстүрі және тарихы бейнеленген суреттер салады. Мысалы мынау түйенің жпауырыны. Мұнда шаңырақ, отбасының ұйтқысы – әйел және Бозжыра тауы салынған. Сүйекті дайындап, осы композицияны салуға 1 апта жұмсалған.

Алдаберген Тіленбаев осы кезге дейін 150 ден астам туынды жасап шығарған. Оның бір бөлігі облыста өткен ТҮРКСОЙ шараларында сыйға берілген. Шебер шәкірт дайындап, сүйек ою өнерін одан әрі дамытуды жоспарлайды.



Бөлісу