Басты Жаңалықтар Алматыда «Менің отбасым – тірегім» атты қалалық байқау өтті

Алматыда «Менің отбасым – тірегім» атты қалалық байқау өтті

Алматыда Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Менің отбасым – тірегім» атты қалалық байқау өтті. Шарада түрлі этнос өкілдері бас қосып, ұлттық болмысы мен мәдениетін таныстырды. «Қатысушылар бір сахнада өнер көрсетіп, салт-дәстүрдің мәнін ашты, ел ішіндегі бірлік пен жарасымды көрсетті»,-дейді ұйымдастырушылар.

Ұйғыр ұлтының өкілі Рустам Кайрыев байқаудың алғашқы кезеңінде-ақ ерекше бейнеролигімен көпшіліктің назарын аударды. Мерекелік кеште оның сегіз жастағы талантты қызы Алиша нәзік биін тарту етсе, жұбайы Әмина екеуі ұйғыр халқының ұлттық әнін орындап, көрерменді тәнті етті.

Рустам Кайрыев,  ҚХА мүшесі:

Бұл фестивальдің ерекшелігі – ұйғыр халқының ұлттық құндылықтарын көрсетіп қоймай, өзге ұлттың да салт-дәстүрімен таныстық. Бүгін мен ерекше сезімде тұрмын. Себебі бұл байқауда мен отбасымыздың тағы бір сәбимен толығатынын айтып, көпшіліктен сүйінші сұрадым. 

Отбасылық байқауға қазақ, ұйғыр, дүнген, поляк және нигериялық жұптар қатысып, өз ұлттарының салт-дәстүрін сахналады, ұлттық тағамдарынан дәм татқызды. Шарада ерекше көзге түскендердің бірі – Сваровтар отбасы. Азиз бен Зарина перзенттеріне қазақтың да, дүнгеннің де төл құндылықтарын қатар сіңіріп, тағылымды тәрбие беріп келеді.

Римма Масырова, қалалық дүнген этномәдени орталығының төрайымы:

Бір шаңырақтың астында 130 этнос, бүгінге дейін өмір сүріп отырмыз. 148 жыл болды осы Қазақстан жерінде өмір сүріп, оқып жатырмыз. Бүкіл жағдайымыз жасалған. Қазір біз 82 мың адамбыз. Бұл жерде әрдайым қазақ жеріне, қазақ еліне алғысымыз шексіз. Біздің осы тәрбиеміз отбасынан басталады.

Байқаудың басты ерекшелігі – әр әулеттің салт-дәстүрін таныстырып, көпұлтты елдің бірлігін көрсету, дейді ұйымдастырушылар. Бір сахнада түрлі этностың өнері тоғысып, өзара сыйластық пен татулықтың жарқын үлгісі байқалды. Шара қатысушыларға да, көрермендерге де ортақ құндылықтарды дәріптеп, бірлікке шақырған әсерлі мерекеге айналды.


Бөлісу