Ақтөбеде ерекше балаларға арналған қосымша іске қосылды
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдары ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған екі бірдей қосымшаны дайындап шықты. Қазақ тіліндегі «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» деп аталатын бұл цифрлық құрылғыларды қазірдің өзінде бес мыңға жуық ата-ана жүктеп, күнделікті қолданып отыр.
- Қайтала! Әт, әт,әт! Ә-теееш!
Балдай Нұржанова баласының ақыл-ойын дамытуға ерекше күш салып келеді. Тынымсыз еңбек пен түрлі мамандардың көмегінің арқасында
9 жастағы Айбар жақсы нәтиже көрсете бастаған. Қазір жалпы білім беретін мектепте білім алып жүр. Екі айдан бері жергілікті ғалымдар дайындаған жаңа қосымшамен жұмыс істеп келеді.
Балдай Нұржанова, Ақтөбе тұрғыны:
Тапсырмаларды орындаймыз. Әріптерді таңдаймыз, сөйлемдерді, буындарды. Сосын осының ішінде сәйкестендіру, көлеңкесін тап деген тапсырмаларды орындаймыз. Ойлауына, сөйлеуіне көмегі бар.
Бұл қосымшалар бес ғалымның ортақ жұмысының нәтижесінде іске қосылды. Жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырған.
Зерттеу барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қашықтан оқытуда қазақ тіліндегі логопедиялық контенттің жетіспеушілігі анықталған. Қосымшалар балалардың оқу, жазу және сауат ашу дағдыларын дамытуға арналған материалдарды ұсынады. Тапсырмалар ойын түрінде беріледі. Яғни қабылдауға жеңіл.
Мейрамгүл Есенғұлова, жоба авторы:
«Сауатты бала» екі бөлімнен тұрады: танымдық қабілеттерді дамытуға арналған және лексикалық қабілеттерді дамытуға арналған. Білім беру мекемелерінде, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде логопедтердің, педагогтардың қолданылған бағдарламалары негізіндегі үй жағдайында да қолдануға мүмкіндік жасалған».
«Дыбыстар әлемі» қосымшасы «Артикуляциялық жаттығулар» және «Дыбыстар әлемі» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Әр бөлімде жаттығулардың атауы мен нұсқаулығы көрсетіліп, иллюстрациялық суреттермен безендірілген. Бұл материалдар логопед мамандар үшін де көмекші құралға айналды. Қосымшаларды тегін жүктеп, қолдануға болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы