Түркістанда ₸49 млн ұрлағандар сотталды
Түркістанда жұмысқа орналастырылған азаматтардың жалақысын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырғандар сотталды. Қаржы мониторингі агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында «Еңбек мобильділігі орталығының» бұрынғы директоры мен «Жұмыс берушілерді қолдау» бөлімінің қызметкері, сондай-ақ бірқатар коммерциялық ұйымдардың басшылары өзара сөз байласып, бюджет қаражатын заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Яғни азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына жалған рәсімдеу арқылы құжат толтырып, миллиондаған қаржыны қолды еткен. Нәтижесінде 78 адам жалған еңбекке тұрған. Ай сайын түскен қаражат кәсіпкерлермен қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыбайластар өзара бөлісіп отырған. Осылайша мемлекетке келтірілген залал 49 млн теңгеден асқан.
Ернар Тайжан, ҚР
ҚМА ресми өкілі:
Соттың үкімімен үш кінәліге 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Сонымен қатар мемлекетке келтірілген залал сотталушылар тарапынан толық көлемде өтелді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы