Басты Жаңалықтар Таиландта жүрген отандастарымыз қауіпсіз жерде

Таиландта жүрген отандастарымыз қауіпсіз жерде

Таиландта алапат су тасқынымен күрес жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, қаза тапқандар саны 33-ке жеткен. Тағы 3 млн-ға жуық тұрғын зардап шекті. Таиландта жүрген отандастарымызбен арнамыздың тілшілері байланысқа шыққан еді. Солардың бірі – жерлесіміз Әбубәкір Серікұлы. Сол елдегі жағдайды баяндап берді.

Әбубәкір Серікұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен екі күн бұрын Алматыдан Пхукетке келдім. Қазір Таиландың кей қалаларында су тасқыны болып жатыр. Алайда мен тұрған қалада барлығы жақсы. Қорқатын ештеңе жоқ. Өзіміз тур сатып алған компаниямен байланыстамыз. Қауіпсіз жердеміз. Егер қауіп болса қонақ үй қызметкерлері қайда баратынымызды айтып ескертті.

Су тасқынынан 2,7 млн адам зардап шекті

Дегенмен Таиландтың Хатьяй қаласында жағдай қиын. Мұнда бір күнде 355 миллиметр жауын түскен. Бұл – 300 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Жергілікті халықты құтқаруға 20 тікұшақ пен 200-дей қайық жіберілді. Қазір Таиландтың 9 провинциясы мен Малайзияның 8 штаты су апатынан зардап шегіп отыр. Екі елде 45 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Ал Индонезияда тасқын мен лай көшкінінен осы аптада 13, Вьетнамда 98 адам опат болды.


Бөлісу