«Қызылорда-Жезқазған» автожолының 192 шақырым учаскесі пайдалануға берілді
Сыр өңірі аумағында «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы аяқталды. Ұлытау облысына дейінгі 192 шақырым жолға толықтай асфальт төселіп, көлік қозғалысы ашылды.
Бұл - еліміздің оңтүстігі мен орталығын байланыстыратын ең төте жол. Күре жолдың құрылысына 73 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жоба бойынша үш қабат асфальт төселіп, әр учаскеде қарғын су және мал өткелдері, көлік тұрақтары салынды. Сондай-ақ, жаңа трассаның 5 жыл кепілдік мерзімі бар. Келешекте еліміз үшін маңызды жол-көлік логистикасы болмақ.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Мемлекет басшысына «Қызылорда-Ақтөбе» аралығындағы «БЕ-БҚ» жолын екінші санаттан бірінші санатқа ауыстыру туралы айттық. Бұл жоба келесі жылы басталатын болады. «Қызылорда-Жезқазған» жолының басына дейін келіп, әрі қарай Сексеуіл-Бейнеуге дейін жалғасын табатын болады.
Ал Ұлытау облысында жол құрылыс жұмыстары биыл басталып, бөлінген 8 учаскесіндегі тірлік қарқынды. Мердігерлер Жезқазған жағына дейінгі 208 шақырым күрежолдың бүгінде 50 шақырымына асфальт-бетон жабындысын төсеп үлгерді. Бұл ауқымды жоба Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Ал мамандар мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.
Дархан Иманашев «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Келісімшарт бойынша 2027 жылдың аяғына дейін уақытымыз бар. Бірақ біздің жоспарымыз - ендігі жылдың аяғына дейін қозғалысты, асфальт-бетон жұмыстарын толық аяқтау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы