Шымкентте газбен қамту 98 пайызға жетпек
Шымкентте табиғи газбен қамту көрсеткіші жыл соңына дейін 98 пайызға жетпек. Орталықтандырылған газға Қызылжар-2 шағынауданы да қосылды. Бұған дейін тұрғындар 10 жыл бойы жекеменшік тасымалдаушыларға тәуелді болып, қысымның төмендігі мен жылудың жетіспеуінен қиналып келген. Жаңа желі бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.
Көлкент көшесінің тұрғыны Аружан Қонысбек отбасымен жақында жаңа үйге қоныстанған. Орталық газ қосылатынын естігенде ерекше қуаныпты. Қазір тұрмыстық шаруалары жеңілдеп, көгілдір отынның қолайлылығын бірден сезінгенін айтады.
Аружан Қонысбек, қала тұрғыны:
Көшемізге жаңа, мемлекеттік газ кіргізілуде. Бұған дейін бұл көшеде жекеменшік газ болған, онымен салыстырғанда мемлекеттік газ бізге өте тиімді. Бағасы жағынан да, жылу жағы барлығы сапалы. Өте қуаныштымыз.
Шағын ауданда тек табиғи газ емес, ауыз су мен электр жарығы да тартылды. Қазір 265 үй тұрақты инфрақұрылымға қосылған. Келесі кезеңде Қызылжардың қалған бөлігі қамтылып, барлық тұрғын орталық инженерлік желілерге қол жеткізеді.
Ермек Қалдығұлов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директоры:
Біздің мемлекеттік газ құбырларында ешқандай газ қысымы жетіспеушілігі болмайды. Көбінесе тұрғындардың газ жетіспеуі дегені ол қысымның төмендігі. Жекеменшік газ құбырларында олардың гидравликасы есептелмейді. Қыстың кезінде жетпеуіне байланысты және әртүрлі апатты жағдайларға әкелуі мүмкін.
Жыл соңына дейін қалада көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетпек. Газ тапшылығының алдын алу үшін Шымкентте қуаттылығы сағатына 300 мың текше метр болатын жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы