Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасы қарқынды дамып келеді

Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасы қарқынды дамып келеді

Қазақстан мен Еуроодақтың кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанына биыл 10 жыл. Атаулы датаға орай еліміздің Бельгиядағы елшісі Роман Василенко шетелдік БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, өзара қатынастың дамуы жайлы баяндады. Біздің ел мұндай маңызды келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Құжат аясында қос тарап 29 сала бойынша ынтымақты бекемдеп келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 50 млрд долларды құрады. Елші журналистерге 2024–2025 жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық Кеңес және Еуропалық Комиссия басшыларымен кездесулері, Самарқандта өткен «Орталық Азия – ЕуроОдақ» саммиті, жалпы Астана мен Брюссель арасындағы саяси диалогтың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңыздылығы, Парламенттік ынтымақтастық пен гуманитарлық тәжірибе алмасудағы жетістіктерді де сөз етті.

Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы Елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі:

Еуропалық Одақ Қазақстанның басты сауда, инвестициялық серіктесі. Бүгінде әлем елдері тауарды тұрақты тасымалдау, энергияның баламалы көздерін дамытудың маңызды екенін түсініп, соған күш салуда. Еуроодақ пен Қазақстанның сенімді серіктестікке құрылған өзара тиімді қатынасы осы салаларда және көлік, логистика, Орта Дәлізді дамыту, сирек кездесетін металдар, жасыл сутек саласында әрі қарай да қарқынды дамиды деген сенімдеміз.
 


Бөлісу