Түрікменстан Президенті мемлекеттік сапармен келді
Алдағы жылдары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда көлемі жылына 1 млрд доллардан асады. Сердар Бердімұхамедовтың Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде Президенттер тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Энергетика, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы салалары да стратегиялық басымдыққа ие. Оңғар Алпысбайұлы екі ел арасындағы маңызды келісімдер жайлы толықтырып айтады.
Сердар Бердімұхамедов осыдан 3 жыл бұрын Астанаға алғаш рет ресми сапармен келген. Ал бүгінгісі – мемлекеттік деңгейдегі сапар. Сондықтан оның мәні де, маңызы да айрықша.
Протоколға сай лидерлер делегация мүшелерімен танысқан соң екі елдің әнұрандары шырқалды. Қадірлі мейман Қазақстан туына құрметін көрсетіп, Президенттер келіссөздер залына өтті.
Алдымен екеуара әңгімелесіп, одан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге кірісті. Бауырлас елдердің тарихы ортақ, мәдени-рухани құндылықтары бір. Сондықтан талқылайтын тақырып, жоспарлайтын жоба көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Түрікменстанмен ынтымақтастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін стратегиялық серіктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
Қазақстан мен Түрікменстан өзара тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жоспар қабылдамақ
Келіссөздер кезінде сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударылды. Соңғы 5 жылда өзара алыс-беріс көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға жеткен. Ендігі меже - 1 миллиардқа дейін көтеру.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Жол картасын дайындадық. Оның ішінде бірнеше шаралар болады. Бірақ біз қазіргі таңда жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жан-жақтан талдау жасап, оған қосымша біз тағы да экспорттық біздің потенциалымыз бар 150 млн долларға қосымша ұсыныстар бердік.
Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бүгінде көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Осы орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфрақұрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр.
Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр. Бұдан бөлек, Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы қаралды.
Нұрлан Ноғаев, Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы елшісі:
Бұл Азияға шығу, екі елдің арасындағы тауар айналымын, тасымалдың уақытын азайту, сәйкесінше өзіндік құнын азайту және тұтынушыға қысқа мерзімде жеткізу мүмкіндігін арттыру. Сондықтан ол жоба бар. Оны Түрікменстан билігі де құптап отыр. Серхет Абат – Тургунди – Тургунди Герат деген теміржол. Сонымен бірге автомобиль жолын салу да күн тәртібінде.
Еліміз Түрікменстанға тұрақты түрде бидай сатады. Тараптар бүгін оның көлемін арттырып, өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуды қарастырды.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:
Энергетика – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Түрікменстан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын. Сонымен қатар еліміздің электр энергиясы мен химия өнеркәсібіндегі серіктестікті нығайтуға айтарлықтай мүмкіндігі бар.
Екі ел арасындағы келісімдер құжатпен бекітілді
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ тараптар ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау, ғылым және басқа да салаларға қатысты үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Ақордадағы шара барысында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазақстан мен Түрікменстан Президенттері бір-біріне сапарлаған сайын нақты бір инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырыла бастайды. Мәселен, газ-энергетика саласындағы ынтымақтастық, теміржол дәлізі, Каспий порттары, шекара бекеттерін жаңғырту тағысын тағы. Бұл екі елдің арасында ерекше дипломатиялық стильдің бар екенін дәлелдейді. Осы жолғы сапар аясында да өте маңызды құжаттарға қол қойылды. Енді іске асырыла бастамақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы