Жасөпірімдер арасында зиянды заттарға құмарлық артып барады
Жасөспірімдер арасында «карб», «көңілді газ» деп аталатын зиянды заттарға құмарлық артып барады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі үндеу жасаған еді. Дәрігерлер де бұл әуестіктің зиянын айтып, дабыл қағып отыр. Айтуларынша, сұйықтық күйіндегі «карбты» пайдалану тыныс алу жүйесінің ауруларына, өкпенің қабынуына алып келеді.
Динара Ертай, нарколог:
Біріншіден ауыз қуысы, мұрын қуысы, жұтқыншақ, өңеш зақымданады. Уақыт өте келе ол өкпе обырына алып келуі мүмкін. Үлкендерге қарағанда жасөспірімдердің динамикалық бақылауға тіркелуі көбейіп кетті. Осы «көңілді газ», карбикті жиі қолданады.
Ал психологтар балалардың зиянды заттарға әуестігі қатарластарынан озбырлық көргеннен болады дейді. Ата-анасына ойын ашық жеткізе алмағандықтан, жасөспірім осы құмарлық арқылы күйзелістен шығуға тырысады. Ал кей кезде қарапайым қызығушылықтан болады. Бірақ мұның соңы тәуелділікке ұласады, - дейді мамандар.
Ұлзира Беркімбаева, психолог:
Жасөспірімдік кезеңде бала барлығын көргісі келеді. Бұл кезде баланың қауіпсіз ортасы – тек отбасы. Ата-ана кінәләу арқылы емес, ашық сөйлесу арқылы тілін табуы керек. Сені қандай жағдай болса да тыңдаймын, түсінемін деп сөйлесу керек. Бұл ата-анамен арадағы түсініспеушілік. Қысымды қалай шығаруды білмейді де, бала осындай жолмен уақытша стрессті басқысы келеді.
Ал ата-аналар осы құмарлықтың балалардың арасында таралып жатқанын біле ме? Сұрап көрген едік.
Иә кей ата-аналар қауіпті құмарлық жайлы білмейді екен. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті зиянды әдеттің алдын алу үшін олардың жүріс-тұрысына назар аударуға шақырады. Қандай да бір теріс әрекет байқалса, «111» сенім телефонына хабарласуға болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы