Еңбек адамы – ел мақтанышы
Қазір электр энергиясыз күнделікті тұрмысыңды елестету мүмкін емес. Себебі үйде де, жұмыста да барлық қызмет электр қуатының күшімен іске асады. Ал оның қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұруы үшін энергетика саласының мамандары тоқтаусыз еңбек етеді. Бұл сала – үнемі қауіппен бетпе-бет келетін сала. Сондықтан олардың жұмысын тек кәсіби мамандар ғана атқара алады.
Түркістан облысының Жетісай ауданындағы электр желілері мекемесінің мамандары Мырзашөл өңіріндегі халықты тұрақты жарықпен қамтамасыз етіп келеді. Күн сайын шақыртуларға шығып, үзілген желілерді жалғайды. Түрлі қауіп-қатерге қарамай, тұрғындарға жағдай жасайды. Бүгін де кезекті шақырту түсіп, ескірген бағананы ауыстыруға кірісіп кетті.
Энергетика саласы үшін тиянақтылық пен ұқыптылық басты қағида. Сондықтан әр істі елеп-екшеп, мұқият жоспарлау кәсіби маманның міндеті. Ал Сәрсен Зұлпыхаров осы мекемеде 15 жылдан бері бұрғылаушы болып жұмыс істейді. Ол бағаналардың орнын дайындап, жауапты жұмысты атқарады.
Сәрсен Зұлпыхаров, бұрғылаушы:
Күн суықтарда да қарамай істеп жатамыз. Қойып жатқан столба опораларымыз мұздай болады. Жазда ысып кетеді. Соған төзіп істейді. Кейде сым үзіліп кетеді. Жауын қарға қарамай, оны өзім жалғаймын қолдан келгенше.
Үнемі қауіппен бетпе-бет келетін саланың жұмысын тек кәсіби мамандар ғана атқара алады. Олардың жұмысын өз деңгейінде атқару үшін басқа да қосалқы мамандар жұмылдырылады. Әсіресе жүк тасымалдайтын трактор жүргізушілердің де еңбегі орасан.
Дүйсенбек Танабаев, тракторшы:
Көктем кезінде, шілденің уақыты кезінде опоралар жібереді Шымкенттен. 100-200 опора. Соны қойып біту керек, оны таситын уақыты бар. Сым тартатыны бар. Балдардың да қиыншылықтары болады арасында. Су кетеді біреудің трасформаторына, басқа кетеді жекеменшікте основном. Солардың кезінде көмектесіп, жәрдем береміз.
Жетісайлық жарық таратушы мекеме жұмысшылары мамандығына адалдық танытып, тынымсыз еңбек етіп келеді. Олардың адал еңбегін ескерген жергілікті билік мекеме алдынан арнайы аллея салып, бос уақытта тынығып алуына жағдай жасаған.